Еліміздің 12 өңірінде астық жинау науқаны басталды. Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жедел штаб отырысын өткізді. Биылғы жалпы егіс көлемі – 23,6 млн гектар, оның 16 миллионы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Бүгінге дейін 1,1 млн гектар орылып, 1,6 млн тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 17,4 мың тонна майлы дақыл, 363,5 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша өнімі жиналды. Жұмысқа 139 мың трактор, 31 мың комбайн және 402 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Астықтың бір бөлігі шетел нарығына – Таиланд, Парсы шығанағы, Ауғанстан, Әзербайжан және Алжирге экспортталмақ. Суару жағдайы тұрақты, ал орақ жұмыстары апта сайынғы штаб отырыстарында бақылауда болады.
️