Душанбеде "Экспо Орталық Азия - 2023" көрмесі өтіп жатыр

135
15.09.2023 10:01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеге жұмыс сапары аясында Орталық Азия тауар өндірушілерінің көрмесіне барды. Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзербайжан президенттері қатысушы мемлекеттердің экономикалық жетістіктерін танытатын ұлттық павильондарды аралап көрді. Көрме қонақтары қазақстандық BARK Technology компаниясы әзірлеген жиілігі 20-320 Гц виброакустикалық толқын арқылы өкпені емдеуге арналған VibroLUNG бірегей отандық медициналық аппаратына ерекше назар аударды. Бүгінде бұл аппаратты Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мен Беларусьтің, Панама мен Біріккен Араб Әмірліктерінің және Сингапурдың жетекші клиникалары сатып алған. Сонымен қатар көрмеге отандық 130-дан астам кәсіпорынның өнімдері қойылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық павильон экспозицияларымен танысу барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға еліміздің атынан отандық QazTechna компаниясы құрастырған мектеп оқушыларына арналған автобус пен VibroLUNG медициналық жабдығының 3 жиынтығын сыйға тартты.