Ерекше бүлдіршіндердің сапалы білім алуы үшін Кентауда арнайы орталықтар жетіспейді

309
31.03.2023 10:46

Сәуір айының алғашқы жексенбісі дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Аутизм дерті соңғы жылдары дендеп барады. Түркістан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 24 мыңға жеткен. Олардың қатарында аутизммен ауыратындары да бар. Ерекше балаларды ортаға қосу үшін сапалы біліммен қамтамасыз ету керек. Ал, Кентау қаласында тұратын зерденің күрделі бұзылысымен ауыратындар білім алуы үшін Түркістандағы инклюзивті орталыққа келуге мәжбүр. Бұл балалардың әлемі бөлек. Олар зерденің күрделі бұзылысымен дүниеге келген. Сондықтан, ерекше күтім мен қолдауды қажет етеді. Сонда да ата-аналары балаларын қатарынан кем қылмай, әлеуметтік ортаға бейімдегісі келеді. Ләззат та 9 жастағы ұлының білім алуы үшін күнде Кентаудан Түркістанға келуге ерінген емес. Қос қаланың арасы жақын болғанымен, "Ерекше балалар жолға шыдамайды", - дейді.

ЛӘЗЗАТ ҚЫДЫРАЛИЕВА АНАСЫ 

«Алып келу оңай емес. Ұйқысы қанбай келе жатқаннан кейін, ол су ішкісі келеді, далаға шыққысы келеді, тоқтап біреуіміз ұстап тұрамыз, біріміз шығартып аламыз. Жолда қиыншылықтар болды қыстың күні. Бұзылған күндер болды. Балалар жаурап қалған күндер болды. Аурып қалды.»

 

Ерекше балалардың ата-анасы зердесінің күрделі бұзылысы бар балаларға инклюзивті білім беретін сыныптар Кентау қаласында да ашылса дейді. Кенді шаһарда зердесінде ауытқушылығы бар балаларға арналған оқу қабинеттері жұмыс істейді. Ол орталықта дерттің жеңіл түріне шалдыққандар білім алады. Ал аутизмнің ауыр түріне шалдыққандарға білім беретін арнайы сыныптар жоқтың қасы.

БАЛЖАН СТАМКУЛОВА АНАСЫ 

«Кентау қаласында зердесі жеңіл балалар мектепте білім алады. №1,2,14 мектептерде инклузиялық сыныптар бар. Бірақ ол жерде біздің балаларамызды қабылдамайды. Өйткені біздің балаларымызда зердесінің күрделі бұзылыстары бар. Біздің талабымыз осы ерекше балаларға арналған инклюзивті білімді беретін мектепті ашып беруді талап етеміз.»

 

Аутизм - ғасыр дерті. Бұл балалардың ақыл-есі өзгелерден кеш дамиды. Мамандар ерекше ойлайтын балалардың арасында дарындылардың көптеп кездесетінін айтады. Оларды үнемі қолдап, қоғамға бейімдеп отыру қажет. Сондықтан, аутист балалар үшін көпшілікпен бірге дәріс алған пайдалы көрінеді.

НҰРЖАМАЛ ЖАНДАРБЕКОВА ЛОГОПЕД МАМАНЫ

  «Негізі үйде оқытылатын балалар да бар. Ал, енді қазіргі таңда бізге келіп жатқан балалардың айырмашылығы ол балалар қоғамға қосылмайды үйде отырып. Ал, бұл жерге келген балалар қоғаммен сыныптастарымен бірге оқиды, қоғамға қосылады, ашылады, сөйлейді, бір-бірімен қарым қатынас құрады. Өте үлкен айырмашылығы бар.»

Сәуір айының алғашқы жексенбісі дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Елімізде соңғы жылдары дерттің осы түрімен ауыратын балалар көбейіп барады. Әсіресе, "цифрлық аутизм" дерті дендеп кетті. Оның басты себебі - аналардың дүниеге жаңа келген баласына гаджет беріп, телефонға тәуелді етуі. Елімізде аутизммен ауыратын балалардың саны 12 мыңға жетіп жығылады. Әлем ғалымдары миында ақауы бар балаларға дұрыс білім берілсе, олардың 60-70 пайызы қоғамға жақсы бейімделіп, дамып кететінін айтады.