"Turkistan" телеарнасына - 2 жыл

438
21.03.2023 13:58

Бүгін «TURKISTAN» телеарнасының құрылғанына 2 жыл толды. Халықаралық арна 2021 жылдың 21 наурызында көрерменге жол тартқан болатын. Медиа құрылымның басты мақсаты - түркітілдес елдер арасында бірегей ортақ медиа кеңістікке айналу. Халықаралық телеарна азғана уақытта көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Телеарна құрылғалы екі жыл ішінде 100-ден астам бағдарлама жасалды. Алғашында 8 сағат хабар таратқан арнаның эфир уақыты бүгінде 18 сағатқа ұзарды.

Телеарнадағы бағдарламалар тізімінен саясат, экономика салаларынан бастап әлеуметтік мәселелер де тысқары қалмаған. Жақында қолға алынған «Керемет келін» мен «Жылы жүздесу» жобаларын көрермен жылы қабылдап жатыр. Халыққа ұсынылып жатқан хабарлардың 90 пайызы телеарнаның төл туындылары.

Былтыр «TURKISTAN» халықаралық телеарнасы ең үздік аймақтық телеарна номинациясы бойынша «Тұмар» телевизиялық сыйлығын иеленді. Әлеуметтік желілерде де танымалдығы артып келеді. Биылдың өзінде youtube арнасындағы жазылушылар саны 130 мыңға жетіп, Америкадан арнайы келген күміс батырманы алды. Ақпарат кеңістігіндегі жас телеарна көрерменді қуанту үшін әлі талай жобаларды іске асырады.