Шымкентте ауруы асқынған жүкті әйел аман-есен босанды

230
10.01.2023 15:57

Шымкентте жансақтау бөлімінде 2 ай бойы  жатқан жүкті әйел босанды. №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері жас  ананың палатаға шығарылғанын мәлімдеді. Жүктіліктің 26-апталығында шала туған шақалақ периниталдық орталыққа жатқызылды. Нәрестенің салмағы небәрі 685 грамм. Еске сала кетейік, 1992 жылғы әйел былтыр қараша айында  ауруханаға түскен болатын. Соқырішекке жасалған операциядан кейін, созылмалы аурулары асқынып, денсаулығы нашарлаған. Әйелді аман алып қалу үшін, Астана мен Алматы қаласының профессор-дәрігерлері де ат салысты. Бірнеше рет телемедициналық кеңес өткізілді. Қазір дәрігерлер оны ауруханадан шығаруға дайындап жатыр.