Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» шатқалында із-түзсіз жоғалып, мәйіттері табылған төрт туристің өліміне қатысты алғашқы болжамдар айтылды. Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының сөзінше, студенттер ағысы қатты Өгем өзенінен бірге өтпек болған кезде суға ағып кетуі мүмкін. Екінші болжам бойынша, көпірден секіріп өтпекші болғанда, құлап ағысы қатты өзенге төтеп бере алмаса керек. Сондай-ақ, іздестіру кезінде құтқарушылар аюды көп ұшырастырғандарын айтады. Сондықтан үшінші қорытынды бойынша, аюға кезігіп, суға секіріп кеткен деген болжам да бар. Тауда жоғалған студенттер бастапқыда сапарға сегіз болып шығуды жоспарлаған екен. Алайда Бекнұр есімді азаматты әкесі үйдегі құрылыс жұмыстары үшін алып қалыпты. Еске салсақ, 25 мамырда жеті турист жоғалып кеткен еді. Бұған дейін 3 турист құтқарылып, тағы төрт адамның мәйіті табылған болатын. Жалпы іздестіру жұмыстары 27 тәулік бойы жалғасты. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 27 адам суға батып қайтыс болған. Оның 20- сы кәмілет жасына толмаған балалар.
️