Түркияның Зейтин Бурун ауданында 7 мыңға жуық этникалық қазақ бар. Стамбул шаһарындағы ауданға қандастарымыз қай жылдары қоныс аударды? Олар қандай кәсіппен шұғылданады?
Стамбулдың еуропалық аймағына енетін Зейтин бурун ауданының көшелерінде қазақ асханалары қаз-қатар орналасқан. Мұндағы этникалық қазақтардың көбі сонау қиын-қыстау кезеңде Алтайдан көшуге мәжбүр болғандар. Кезінде Иран мен Ауғанстан асқан қазақтар соңғы жылдары осында қоныс аударған. Тіпті, бұл ауданда Қазақстанның өзінен көшіп келген жандарды да кезіктіре аласыз. Мұндағы қазақ бауырлардың көбінің өз мейманханалары мен шәйханалары бар.
ЗКТ: Туған жерден жырақта, қиыр жайлап, шет қонғандықтан салт-санаңды сақтап қалу қиынның қиыны. Осыған қарамастан Зейтин бурундағы қандастар қазақылықтың қаймағын бұзбауға тырысып келеді. Домбыра шертеді, ән айтады. Алтайдан алыста жүрген олар туған жерді әнге қосады. Жергілікті қазақтар бас қосып, ата дәстүр-салтымен той да өткізеді екен.
Кіші Азияны бүгінде 30 мыңға жуық қазақ мекен етсе, оның ең көбі осы ауданда. Осыдан 70 жыл бұрын Түркия жерінен пана тапқан қандастарымыз үшін жақында дүниежүзі қазақтары қауымдастығының филиалы ашылды. Бұл бастама тарих толқыны тіршілігін Түркияға бағыттаған қандастарымыздың бір шаңырақ астына бас біріктіруіне үлкен сеп болмақ.
️