Түркістан телеарнасы көрермендерге жаңа жылдық тосын сый дайындауда

234
30.12.2022 15:47

Түркістан телеарнасы көрермендерге жаңа жылдық тосын сый дайындауда. Жаңа жыл түні мерекелік көңіл-күйді көтеру үшін «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік тележобаны тамашалауға шақырамыз. Арнайы хабарда ән мен күй, әдемі әзіл, мың бұралған биден шашу шашылып, телеарна кейіпкерлері арасынан үздіктер анықталатын болады.

«Қош келдің, Жаңа жыл!» мерекелік тележобасы эфирге 31-ші желтоқсан күні сағат 23:00-де шығады. Жаңа жылдық хабарға түрлі салада аймақтың дамуына үлес қосып жүрген тұлғалар, телеарнаның тұрақты көрермендері мен кейіпкерлері, сондай-ақ кішкентай бүлдіршіндер арнайы шақырылды.

Жаңа жылдық жобада өңірдің жезтаңдай әншілері әуезді әннен шашу шашса, мың бұралған бишілер мерекенің шырайын келтірді.

Арнайы хабар барысында «Turan таңдауы» байқауының жеңімпаздары анықталып, арнайы марапатқа ие болды.

Үздіктер “TurkistanTV” YouTube парақшасында телеарна кейіпкерлерінің ішінен дауыс беру арқылы іріктелді.  Айта кетсек, биыл "Turan таңдауы» байқауы 20 номинация бойынша өтті.

Мерекелік тележоба барысында «Түркістан» телеарнасы «Балалар жылы» аясында ұйымдастырған «Армандар орындалады» акциясын қорытындылады. Телеарна ұжымы ата-ана қамқорлығынсыз әр бөбектің жүрек түкпіріндегі сырына үңіліп, мерекеде қандай сыйлық алғысы келетінін анықтады.

Акция ата-ана қамқорлығына зәру кішкентайларға арманын орындау арқылы қолдау көрсету, жаңа жылдық ғажайыпқа жетелеп, шаттық сыйлау үшін ұйымдастырылды. Кішкене ғана сыйлыққа бүлдіршіндер жүректері жарылардай қуанды. Демек жоба діттеген мақсатына жетті деген сөз.

Мерекелік тележоба барысында жергілікті театр әртістері арнайы қойылым сахналаса, жергілікті өнерпаздар цирктік бағдарлама ұсынды.Ал жергілікті дизайнерлер соңғы топтамаларын ұсынып, кештің көркін қыздырды.

Бір сөзбен айтқанда «Түркістан» телеарнасы ұсынған мерекелік тележобадан қапы қалмаңыздар! Жаңа жыл жағымды жаңалықтарға толы болсын!