Өлді деуге бола ма айтыңдаршы. Өлмейтұғын артына із қалдырған. Өтіп бара жатқан жылы қазақ елі бірқатар алыптар мен тарланбоздардан көз жазды. Оның арасында елі сүйген сатирик, халық жазушысы, саналы ғұмырын ғылымға арнаған нар тұлғалар бар. Түркістан арнасы биыл дүниеден өткен әр саланың майталманын еске алды.
Биыл қазақстандықтар үшін ауыр жыл болды. Барыс жылында елдің бірқатар бетке ұстар азаматы өмірден өтті.
Бір жыл ішінде қазақ әдебиетінің қос бірдей көрнекті өкілі дүниеден өтті. Бесінші ақпанда қалың қазақ Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен айырылды. Қазақ әдебиетінің қара нары жазушы 98 жасқа қараған шағында бақилық болды. Оның есімін айтқанда «Қан мен тер» трилогиясы бірге айтылады. Жазушының балалық шағы зұлмат жылдарға, өсіп өркендеген кезі сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келді. Ал, кемелденуі Кеңес дәуірінде өткен. КСРО мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алса соның бірі осы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Оның қаламынан туған туындылары мен танымы терең, екінің бірі бойлай алмайтын аса құнды дүниелері енді әр ұрпақпен бірге жасап отыратын мәңгі өміріне айналады.
Жазушы Мархабат Байғұттың қазасы да ауыр тиді. Ол 77 жасында дүниеден озды. Ол Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Ақпандағы мысықтар» кітаптарының авторы. Қаламгердің шығармасы – жан әлемі халқымен бірге жасайды!
Сонымен қатар биыл қазақ балетінің аңызы Болат Аюханов та 85 жасында қайтыс болды. Семей қаласының тумасы. Еңбек жолын Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет солисі болып бастаған. Ол кезде Болат Аюханова небәрі 19 жаста болған.26 жаста көбінің қолынан келе бермейтін іс жасады. «Алматының жас балеті» хореографиялық миниатюралар ансамблін құрды. Қалың көрерменге «Дұшпан, тоғызыншы ұлдан қорық», «Әлсіз әйелдің оқиғасы», «Мадам Вонгтың құпиясы», «Несібелі», «Айдай сұлу Айсұлу туралы аңыз», «Қараңғылық мырзасы» фильмдері арқылы таныс. .
Журналист Көпен Әмірбектің қазасы да қалың қазақтың қабырғасын қайыстырды. Сатирик 9 қарашада дүниеден өтті. Оның қаламы басты қаруына айналды.Қоғамдағы шындықты шымшып, астарлап жеткізді. «Ара» журналында жұмыс істеп жүрген жылдары «Аты жоқ кітап» деген алғашқы жинаған шығарған. Содан кейінгі жылдары «Тілім қышып барады», «Па шіркін», «Пародия» кітабы басылды.
ҚАЛДЫБЕК ҚҰРБАНӘЛІ – ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ КОМПОЗИТОР
"Оспанхан Әубекіровтен кейін анықтауды қажет етпейтін сатирик,алтай мен Атыраудың арасындағы бүкіл қазаққа ортақ ұл екенін дәлелдейді."
6 сәуірде радио және телевизия саласының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.Қаламгер өмірінің соңында дейін Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарды. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің көмекшісі болып бастады. Көп ұзамай 250 үміткердің ішінде «Қазақ» радиосына диктор болған. Ол қалың тыңдарманның есінде қалды.
Театр және кино саласы қара жамылды.20 қаңтарда ұлттық кино өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан дарынды актер Төлеубек Аралбай дүние салды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі 72 жасқа қараған шағында бақилық болды. Ол әр жылдары түсірілген «Айдаһар жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Азиат», «Қыз жылаған», «Мұстафа Шоқай», «Рэкетир», «Ликвидатор», «Жаужүрек мың бала» сынды көптеген фильмге түскен. 2018 жылы Төлеубек Аралбай «Біздің қаланың ханзадасы» фильміндегі рөлі үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальде «Үздік актер» жүлдесімен марапатталды. Есімі Көрерменнің жүрегінде, санасында жаңғырып тұра береді.
Барыс жылы қазақ ғылымының қос майталманы өмірден өтті.20 ақпанда Еуразия ұлттық университетінің тұңғыш ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынов 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті.Амангелді Құсайынов 1942 жылы Павлодар облысында Ертіс ауданына қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор.
21 желтоқсанда ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы 83 жасында қайтыс болды. Содан кейінгі жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогика иниститутында аға оқытушы, философия және ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды. Ғалым 1999-2007 жылдары Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болды. Ол 100-ден астам ғылыми мақаланың, 5 монографияның авторы.2015 жылы ІІІ дәрежедегі «Барыс» орденімен және 2021 жылы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.
Қазақ спорты да қара жамылды. 20 желтоқсанда бокстан КСРО чемпионы, Қаз КСР және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Болат Теміров 53 жасында қайтыс болды. 1992 жылғы Олимпиада мен бірнеше рет әлем чемпионаттарына қатысқан.Қазақстан тәуелсіздік алғаш алғашқы жылдарда ұлттық құраманың капитаны болды.Бокстағы карьерасын аяқтағаннан кейін бизнеспен айналысып, Қазақстан бокс федерациясы бас хатшысы қызметін атқарды.
Олардың қазақ әдебиеті, мәдениеті мен ғылымына қосқан үлесі өлшеусіз. жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деген.Сондықтан,олардың туындылары мен есімдері шаң басқан архивте емес мәңгі ел жадында қалары сөзсіз. Көзден кетседе көңілден кетпейді.
️