Түркістанда көпсалалы аурухананың құрылысы тоқтап тұр

425
28.12.2022 16:47

Түркістанда 630 орынға лайықталған аурухананың құрылысы әлі күнге аяқталмай тұр. Осыдан 3 жыл бұрын сол кездегі денсаулық министрі Елжан Біртанов елдегі ауруханаларды біріктіріп, көпсалалы етуге көшіп жатқандығын айтқан еді. Дәл сол жылы облыс орталығынан тап осындай көпсалалы ғимараттың құрылысы басталған болатын. Әйткенмен, биыл қолданысқа берілуі тиіс нысанның әлі аяқталар түрі жоқ. Жыр болған ғимараттың құрылыс жұмыстарымен тілшіміз Бақдәулет Анарбай танысып келді.

Ту сыртымызда мына ғимараттың жалпы құны 100 миллиардты құрайды. Әу баста 1500 нан астам адамды жұмыспен қамтиды депе күтілген нысанның құрылысы біршама уақыттан бері тоқтап тұр. Тіпті, төлқұжаты да жоқ.

16 гектар аумақты алып жатқан құрылыс нысанда дәл осы күні 1500-ден астам ақ халатты абзал жан науқастарды қабылдауы керек еді. Өйткені осыдан екі жыл бұрын сол кездегі денсаулық сақтау министрі Алексей Цой келгенде жергілікті шенеуніктер солай айтқан болатын. Тіпті басылым беттерінде де оның құрылысы биыл аяқталады деп тайға таңба басқандай жазылды. Әйтсе де, күн сәулесіне шағылысқан алып ғимараттың құрылысы соңына жетпей, мұндағы техникалар қаңтарылып тұр. Аурухана маңына барған сәтте күзетшіден өзге жанды кезіктірмедік. Тіпті, қабырғадан ары асуға да рұқсат жоқ екен.

Күзетші хабарласқан қойма басшысын ары күттік, бері күттік. Сарыла күткен қойма басшымыз сол күйі төбе көрсетпеді. Құрылысы орта жолдан тоқтаған медициналық нысан туралы аймақтағы сала мамандары былай дейді. САЛТАНАТ ЖАБАҒИЕВА - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 

"Тапсырыс беруші, Үкімет тарапынан тапсырыс берілген. Қаржы мәселесіне байланысты қазір тоқтап тұр. Жерді анықтау, жобалық сметалық құжаттамаларды даярлау басқарма тарапынан жүзеге асырылған. Енді қазіргі таңда қаржыландыру мәселесі Үкімет тарапынан шешілген жағдайда құрылыс жалғасын табады."

Денсаулық басқармасының өкілдерінің айтуынша бар мәселе қаржыда көрінеді. Тиісті ақша бөлінген жағдайда жаңа ауруханада 16 ота жасау бөлмесі, 13 жоспарлы және 3 жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері мен 34 жалпы дәрігерлік амбулатория тұрғындарды қабылдайды. Замануи нысанның ендігі тағдыры уақыттың еншісінде.