Өтіп бара жатқан жыл қазақстандықтар үшін оңай болмады. Тарих беттерінде апатты жағдайлармен де есте қалды. Қостанайдағы орман өрті, ал Екібастұз оқиғасы жұртты есеңгіретіп тастады. Оған Жетісайдағы базар өртін қосыңыз.
24 сәуір. Қазығұрт және Сарыағаш ауданында қатты жауын-шашын салдарынан бірнеше елді мекенді су басты. 53 үйдің ауласына, 18 үйдің, 1 тойхананың, 16 шаруашылық құрылыстың ішіне су кірген. Сонымен қатар, жауынның салдарынан сай саладан келген су үйлер мен қора жайларды шайып кеткен. Аумақтардан 50 адам эвакуацияланды. Төтеншеліктер жаңбыр суын сору жұмыстарын жүргізді.
Тамыз айының соңына қарай Жетісайлықтарды қабырғасын қайыстырған оқиға болды. 26 тамыз күні түнде осындағы Күлпаршын базары отқа оранды.
Қызыл жалын 2500 шаршы метр жердің 80 пайызын шарпыды. Бұл осында күнделікті нанын тауып отырған халық үшін ауыр болғаны анық. 613 азамат, 1 119 сауда нүктесінің әп сәтте күлі көкке ұшты. Базарға кіретін жол болмай әрі дүкендердің көптігінен өртті ауыздықтау қиынға соқты. Қас қылғандай сол күні жел тұрып жағдайды одан сайын ауырлатты.
Базарды қалпына келтіру жұмыстарына Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарынан бригадалар келіп көмек берді. Облыс басшылығының араласуымен базарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды.
Бір жеті өтпей жатып тілсіз жау Қостанайлықтарды да біраз әбігерге салды. Кесірінен бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлініп, 1800-ден аса адам эвакуацияланды. Сондай-ақ, 10 адам жарақат алған еді. Оның ішінде күйік шалғандар мен уланғандар бар.
Ішінде Аманқарағай ауылы ең көп зардап шекті. Мұнда 91 үй өртенген. Бес учаскеде, яғни Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарында өрт сөндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 4 қыркүйекте таңертең Аманқарағай ауылында үйінділерді тазалау кезінде 86 жастағы зейнеткердің мәйіті табылды. Бас прокуратура Қостанай мен облыстағы өртте адамдардың қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал 22 қазанда Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындарына жаңа үйдің кілті табысталды.
Биыл күзде Екібастұз қаласы қақаған суықта жылусыз қалды. Оқиға 27 қарашада түнде басталды. Сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған. Тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған.
Екібастұздағы жағдайға бүкіл қазақ қайғырды. 7 желтоқсанда Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалды. 8 желтоқсанда Екібастұзда төтенше жағдай режимі алып тасталды. Бұл туралы жаңа тағайындалған әкім мәлімдеді.
Жалын Шығыс Қазақстанды да айналып өтпеді. Өрт сөндірушілерге тау бедерлері мен ауа райы қиындық туғызған. Сондықтан "МИ-8" және "Еврокоптер" тікұшақтары тартылды. Біз тек өткен жылдың ірі оқиғаларын ғана іріктеп алдық. Келер жылы төтеншеліктердің жұмысы аз болсын. Тек тик-токта ғана от болыңыздар.
️