Елімізде заңсыз пиротехникаларды тәркілеу басталды. Себебі, талапқа сай емес отшашулардан келетін кесір көп. Ал, тек пайдасын көздеген алыпсатарлар мұндай арзан тауарларды қаланың кез келген жерінде тұрып, саудалап жатыр. Қайғылы жағдайлардың алдын-алу әрі өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері қаладағы сауда сөрелеріне арнайы рейд жүргізді. Төтеншеліктер әуелі кәсіпкерлердің басын қосты. Ондағы мақсат мереке кезінде қандай да бір оқыс оқиғаның болмауын қатаң бақылау. Қуаныш сауда үйінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігін қадағалауға баса мән беретіндіктерін айтты.
Жауапты сала мамандары қаладағы ең ірі сауда үйіне рейд жүргізді. Мониторинг барысында сөрелерде шырша жарықшамдары мен жаңажылдық әшекейлерден бөлек пиротехникалық заттардың жоқтығы қадағаланды. Саудагерлер мен тұтынушылар үшін арнайы үнпарақтар таратылды. Кей сатушылар өрт қауіпсіздігі басты назарда екенін айтса, кейбірі өздерінің тауарларының пиротехникалық затқа жатпайтынын айтып ақталды.
Өткен жылы қаладағы сауда нүктелерінде пиротехникалық заттарды заңсыз саудалаған 6 дерек анықталған. 4 азамат айыппұл арқалап, 2 азаматқа ескерту жасалған. Төтенше жағдайлар мамандары аймақ тұрғындарына сақтықта қорлық жоқ екенін ескертеді. Дегенммен, соңғы екі жылда жарылғыш бұйымдармен ойнаймын деп от басқан азаматтардың саны азайған. Пиротехниканың кесірінен балалар көп зардап шегеді. Сондықтан тәртіп сақшылар мен төтеншеліктер жыл соңына дейін пиротехника сататындарға арнайы рейд жүргізуге бекінген. Ал рұқсат қағазға бас қатырмайтын саудагерлер 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
️