Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жеміс баптаған бағбанның 800 тонна алмасы шіріп кетуі мүмкін. Ала жаздай еткен еңбектің еш болғанына ашынған шаруа ауданда дайын өнімді өңдеу ақсап тұрғанын айтады. Кәсіпкер Нұрболат Құраловтың сөзінше, өңірдегі өңдеуші кәсіпорындар жемістің келісін 30 теңгеден алғысы келеді. Ал жердегі алманы теру, тасымалдау шығыны 40 теңге болады екен. Сондай-ақ Беларусь пен Ресейден сұраныс болғанымен, онда тиеп-жөнелтуге арнайы жүйенің болмауы кедергі келтіреді, - дейді бағбан. Жалпы Қазығұрт ауданында пісіп тұрған жемісі қар астында қалып, шығынға батқан шаруа аз емес. Мәселеден Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасы да хабардар. Жауаптылар биыл жерге түскен алманы жинау қиынға түскенін алға тартып отыр. Десе де кәсіпкерлер бар мәселені өздері шешу керек деген сыңай танытты.
️