Түркістан: Көмірге сұраныс артты
Облыстың оңтүстік аймақтарында көмірге сұраныс күрт өскен. Жалпы өңірде қатты отынның қажеттілігі 900 мың тоннадан асқан. Бүгінде оның 90%-ы тасымалданған. Қосымша 200 вагон көмір жеткізіледі. Облыс тұрғындарын көмір отынымен қамтамасыз ету мәселелері туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды. Облыс басшысы мәселені бақылауда ұстап, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді міндеттеді. Қосымша қажеттілікті қамтамасыз ету туралы жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаурашылық басқармасы басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша коммуналдық - тұрмыстық салаға бір жылда 250 мың тонна қажет. Тұрғындардың қажеттілігі (жылыжайлар мен жеке тұрғын үйлер) 650 мың тоннадан асады. Оның ішінде: Түркістан қаласында 690 тонна, Арыс қаласында 510 тонна, Сарыағаш ауданы 1500 тонна, Төлеби ауданы 800 тонна, Созақ ауданы 1700 тонна. Облыс көлемінде 26 темір жол тұйықтары бар. Айтуынша, дүрбелең тудырмас үшін көмір өткізетін орындардың өкілдері тұрғындарға тиісті ақпарат беруі керек.
- Тұрғындар қажетті көмірмен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселені күнделікті бақылауда ұстау керек. Сұраныстың артуы да алдын ала болжануы қажет. Мониторинг жасап, нақты ақпараттарды жинақтап, алдын алуды жүйелі жолға қою керек,- деді облыс әкімі.
️