Түркістан облысы әкімінің орынбасары базарларды ескертусіз тексерді

236
15.12.2022 09:34

Үкімет тапсырмасына орай азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті билік тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Солардың бірі жәрмеңкелер өткізіп, халықты арзан азық-түлікпен қамту, екіншісі Тұрақтандыру қоры арқылы бағаны ұстап тұру.  Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен жауапты сала мамандары қаладағы әлеуметтік дүкендерді аралап, аталған қордың бағаны ұстап тұруға қаншалықты қауқарлы екенін тексерді.

Түркістан қаласында көлемі 50 шаршы метрлік 13 әлеуметтік дүкен бар. Одан бөлек 5 сауда үйінде арнайы әлеуметтік бұрыш бар. Бұл жерде Тұрақтандыру қоры арқылы нарықтан 10-15 пайыз арзан бағада 19 түрлі азықтың түрі сатылуы керек еді. Алайда олай болмады. Мәселен, 523 теңгенің қарақұмығы 600 теңгеден саудалануда. Бұл тек бір мысал ғана. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бағаларды негізсіз өсуіне жол бергендердің жұмысын сынға алып, аталған кемшіліктерді жоюға 2 күн уақыт берді. Сондай-ақ, сауда үйлеріндегі әлеуметтік бұрыштарды кеңейтуді ұсынды.