Қазақ халық ақыны, композитор Майлықожа Сұлтанқожаұлының атына мектеп берілді

806
29.11.2022 03:51

Қазақтың ұлы ақындарының бірі де бірегейі, сыр бойының серісі болған Майлықожа Сұлтанқожаұлына биыл 185 жыл. Өз заманында талантымен талайды тәнті етіп, қазақ өлкесін өлеңмен тербеген шайыр бүгінге дейін мемлекет назарынан тыс қалғаны жасырын емес. Бірақ, бұл оқылықтың да орны толды. Ақынның мерейтойы қарсаңында өзі туған ауылдағы білім ордасына есімі беріліп, ұлы тұлғаны ел болып ұлықтады. Аламан айтыс өтіп, том тарихтан сыр шертілді. 

Қожатоғай. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа «пір» болған, күллі қазаққа аты мәшһүр Майлықожа ақынның туған жері. Ал, сырдың бойына жайғасқан мына қоршаудың орнында шайырдың шаңырағы болған. Кіндік қаны да дәл осы жерге тамған.  Бүгінде бұл жер ақынның ұрпақтары үшін ең бағалы орын. Бабасына тартып туған шөбересі Сабыр Махышев Майлы ақынды әндерін шырқап есіне алады бұл жерде. 

19-шы ғасырдың орта тұсында қазақ даласына жарық жұлдыздай сәулесін шашып, киелі Қаратау өнерін жаңғыртушы ақын жыр-терменің жауһарын жиды. Ол өскелең ұрпаққа мол рухани азық қалдырды. Өз замандасы Құлыншақ Кемелұлы ақынға ерекше құрмет көрсеткен. 

САБЫР МАХЫШЕВ – АҚЫННЫҢ ШӨБЕРЕСІ - Құлыншақ ақын бабамызбен қатар әрі бәсекелес болған деседі. Сонымен ол Майлы ақынды көзімен көріп, сынамақ болады. Сол үшін Майлықожаны арнайы іздеп келіп, дәрет алып отырған жерінен қағытпа өлең бастап жіберіпті: «Майлы, Майлы дегенмен май болмадың, жұрттан жиып алсаңда бай болмадың» - деп. Сонда бабамыз Құлыншақтың қолын алып тұрған бойы кідірместен: «Сен Құлыншақ болғалы қанша заман, не жабағы немесе тай болмадың» - деген екен. 

Иә, талай топты жарып, қазақтың тіл өнерін көпке танытқан тұлға бүгінге дейін өз орнын таппады. Дәлірек айтқанда ұлықталмады. Оған кеңес үкіметінің кезіндегі қожа-молдаларды қуғынға ұшыратқан репрессия тікелей кінәлі. Ал, бүгін алғаш рет ақынның аты ауылдағы білім ордасына берілді. Сондай-ақ ескерткіш-бюсті орнатылды.

ЗӘКІРҚОЖА ЕЛШІБАЕВ – ҚОЖАТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ - Ұлы ақынның жерлесі болғанымызға біз қуануымыз қажет. Майлықожа тек оңтүстік өңірге ғана емес, күллі түркі жұртына таныс. Ол ән-күймен ғана емес, мұсылман дінін дәріптеу жолында да аянбай еңбек етті...

Бүгінгі қуанышты күнді Қожатоғайлық ағайын көптен күтті. Сондықтан бабаларының рухына құран бағыштап, ұлан-асыр ас дайындалды. Ең бастысы мерейлі шарада республикаға танымал ақындардың қатысуымен аламан айтыс өтті.

МҰХТАРХАН МЫРЗАЕВ – ДЕМЕУШІ - Ақынды еске алу жиында айтыс өтпесе болмас. Сондықтан Майлықожаның ұрпақтары мен демеушілер есебінен жалпы көлемі 1 500 000 теңгені құрайтын жүлде қорын қойдық. Айтыстан бөлек ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілуде...

Айта кетейік, Майлықожа Сұлтанқожа туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовте қалам тербеген деседі. Бірақ, ән мен күймен қатар ислам дінін насихаттаумен айналысқан Майлы ақын қызыл үкіметке ұнамады. Сондықтан Әуезовтың туындысы жарыққа шықпай қалыпты. Алайды, ол жазбалар бірнеше жыл бұрын кітап беттеріне шығып, ақынның өмірі мен өнерін зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.