Көп ата-аналар балада аутизм бар екенін ол мектепке барғанда бір-ақ біледі

179
28.11.2022 05:31

ҚазАқпарат - Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аутизм мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жиында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен ерекше балаларға қолдау көрсету мәселелерін және арнайы әзірленіп жатқан Жол картасы жобасын талқыладық. Мамандардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп аутизмі бар балалармен жұмыс жөніндегі кешенді құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз» деп жазды министр Facebook парақшасында.

Асхат Аймағамбетов аталған құжатта бірнеше мәселе көтерілгенін айтады.

Біріншіден. Бүгінгі күнгі өзекті мәселе - балалардағы аутизмды дер кезінде анықтау. Негізінде ол бала мектепке дейінгі ұйымға келген кезде анықтала бастайды. Аутизм белгілерін байқаған тәрбиешілер ПМПК немесе емханаға жүгінуді ұсынады. Ең өкініштісі, көпшілігі бұны мектеп жасында, бала бірінші сыныпқа барған кезде анықтайды. Аутизм дер кезінде, ерте кезеңде анықталатындай шаралар қабылдау қажет, сонда ғана қолдау көрсету тиімдірек болады.

Екіншісі- аутизм синдромы бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсету. Ата-аналар ерекше қажеттіліктер туралы білгенде мамандар іздей бастайды. Әдістемемен жұмыс істеу, ата-аналарға онлайн курстар ұйымдастыру маңызды. Бірнеше модуль әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, ата-аналар аутизм туралы алғаш білгенде не істеу керек, қайда барып, қандай шаралар қолдану керек, қандай көмек алуға болатыны сияқты кіріспе курс. Баланы үйде қалай оңалтуға болатыны туралы ата-аналарға арналған басқа да арнайы онлайн бағдарламалар дайындау жоспарда бар.