Шахтадағы бес кеншінің өлімі: 26 адам күдікке ілінді

176
24.11.2022 05:12

Қарағандыдағы Ленин шахтасында болған апатқа 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі. Арнайы комиссия осындай қорытындыға келді. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бас директоры  мен Көмір департаментінің директоры сондай-ақ шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамнан 24 адам кінәлі ретінде күдікке ілінді. Оларға ел аумағынан шығуға тыйым салынған. Ресей мен Германия сарапшылары қатысқан 12 адамнан тұратын Үкіметтік комиссия оқиғаның себеп-салдарын тексеріп, өрескел қателіктер кеткенін жариялады. Шахтада метан басым аумақтарды барлау, қауіпті сейілту жұмыстары бойынша 13 тау-кен шебері жұмыс істеген. Негізінен олардың саны 25 болуы керек. Сондай-ақ метан жарылған жерде көмір шаңын сейілту, бұрғылау қондырғысын орналастыру жұмыстары қадағаланбаған. Еске салсақ, 3-қараша күні шахтада жарылыс болып, 5 кенші қайтыс болған еді. Тағы 4 адам ауруханаға түскен.