Сарыағаш пен Қазығұрт ауданында малдан бруцеллез ауруы анықталды

245
08.11.2022 04:58

Түркістан облысында малдан қауіпті ауру табылды. Қазығұрт ауданында төрт түліктің арасында бруцеллез шығып, екі ауылға ішінара шектеу шарасы енгізілді. Яғни бұл індет ошағынан малды және ет – сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынады. Сондай-ақ Сарыағаш ауданында да малдан ауру белгілері табылып отыр. 

Бірер күн бұрын Қазығұрт ауданында белең алған бұл ауру Сарыағаштық түрт түлікті де айналып өтпеді. Бүгінде ауру анықталған 40-қа жуық ауру мал арнайы орында сойылып,әрі қарай қайта өңделетін арнайы кәсіпорындарға жіберіліпті.

Ауру жұқтырып, төрт түлігінен айырылған мал иелеріне өтемақы беріледі.Биылдың өзінде облыста бруцеллез ауруын жұқтырған 700-ге жуық  малдың иелеріне 56 миллион төленген. Оның 30 пайызы мемлекеттен, ал қалған 70 пайызы ет өңделетін арнайы кәсіпорын тарапынан беріледі екен. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазығұрт ауданының 7 бас ірі қара,31 ұсақ малдан бруцеллез ауруы анықталған болатын.  Қазір онда бірнеше мал уақытша оқшауланған. Олар екі қайтара тексеріліп, ауру анықталмаған жағдайда жайылымға жіберіледі.