Назым Қызайбай Азия чемпионатында жеңіске жетті

303
07.11.2022 04:39

Иордания астанасы Амман қаласында бокстан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Әйелдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Назым Қызайбай мен тайландтық Чутамат Раксат жолықты. Айта кету керек, бірер жыл бұрын халықаралық турнирде Назым дәл осы боксшыдан ұтылған болатын. Бұл жолы есені қайтарып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 3:2. Енді қазақ қызы ширек финалда моңғолиялық Мунгунсаран Балсанмен кездеседі. Айта кетейік, Назым Қызайбай өткен Азия чемпионатында топ жарған болатын. Бүгін тағы 3 спортшымыз өнер көрсетеді. Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов, жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Ташкенбай және қазақстандық команда сапындағы Дулат Бекбауовтар бағын сынамақ. Ал жалпы Иорданиядағы жарыстың қорытындысы 13 қарашада белгілі болады.