Ордабасыда ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділік 3 млрд. теңгеге артты

294
07.11.2022 04:10

Түркістан облысы Ордабасы ауданының жұртшылығы дәстүрлі “Алтын күз-2022” мерекесін атап өтті. Аталған шара аудандағы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен бастау алды. Онда шаруалар мен диқандар, аталған салада жүрген кәсіп иелері жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ асыл тұқымды төрт түлік өсірушілердің көрмесі де ұйымдастырылды.

Биыл 9 айда Ордабасы ауданында ауылшаруашылық саласында 53 миллиард 818 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 миллиард 446 миллион теңгеге артық.  Биыл ауданында 68 495 гектарға  ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар 100 пайыз орындалған. Жалпы, 68 мың гектардан астам алқапқа егілген дақылдарынан бүгінгі таңда 245 мың тоннадан астам өнім жиналыпты. 

НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ - ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ - Ауданда  15,7 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, жоспар 105 пайызға, тамшылатып суғару 476 гектар жерге ендіріліп, жоспар 112 пайызға орындалып отыр. Сондай-ақ, жаңбырлатып суғару жүйесі 502 гектар алқапқа ендіріліп, жоспар 111 пайызға орындалды.

Ауданда егістік жерлерді тиімді пайдалану арқылы 1 алқаптан 2-3 рет өнім алу жобасы да тиімді жүзеге асты. Атап айтар болсақ, 109 шаруа қожалық бірінші өнімнен – 7 854 тонна, екінші өнімнен 5 698 тонна өнім жинаған. Маусым қортындысына сәйкес ең үздік өнім алған Төрткүл елді мекені арнайы алғыс хат марапатталды. 

Ауданда мал шаруашылығы бағытында да өсім байқалады. Оның ішінде төрт түліктің саны артуда. Жыл басынан 7 734 тонна мал мен құс еті, 37 861 тонна сиыр сүті және 10 068 мың дана жұмыртқа өндірілді.   

Бақша дақылдарымен түрлі жеміс жидектер көрменің көркін ашып тұр. Базардағы бағадан екі үш есе арзан сатылған өнімдер аудан тұрғындарынының зор сұранысын тудырып бір неше сағаттың өзінде-ақ барлық жәрмеңкеге әкелінген тауарлар сатылып кетті.  

Шұрайлы өңір, берекелі өлкедегі алтын күз жәрмеңкесі осылайша өз соңына жетті. Халық мәре сәре, дихандар риза.