7-20-25 бағдарламасы жалғасын табады. Ел арасында көп айтылып жүрген 4 қарашада соңғы конкурс өтеді деген пікір шындыққа жанаспайды. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бұл жоба тиімді, сондықтан жалғасады деді. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша журналистерге сұқбат берген әкім атқарылған істермен қатар, шешуі кезек күттірмейтін мәселелер жайында да айтып берді.
Облыс орталығында 3 392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 42-сі пайдалануға берілді. Яғни, 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Олар арнайы санаты барлар және несиемен алғандар. 11 көпқабатты үй жыл соңында ел игілігіне берілмек.
Рухани шаһарда киелі кесене мен Караван сарай кешенін биыл 1 млн астам адам көрген. Оның 4000-і ғана шетелден келген. Қалғаны ел азаматтары. Одан бөлек, Түркістанды үш ауысымды білім беретін мектептер саны артуда. Қазірдің өзінде төрт мектеп осындай тәртіппен білім беріп келеді. Тағы үш мектеп үш ауысымға көшуі мүмкін. Бұл бала санының артуымен, яғни өңірде туу көрсеткішінің жоғарылығымен байланысты болса керек. Сондықтан алдағы уақытта 9 мектеп салу жоспарлануда.
Түркістан жарықпен толық қамтылған. Қазір тек ескі бағаналар мен сымдарды ауыстырылуда. Ал, 875 көшенің 70 пайызға жуығы көңіл көншітпейді. Тек 30 пайызының күйі жақсы. Соны 40 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қаланы газдандыру жұмыстары да қарқынды. Көгілдір отынды пайдаланушылар саны биыл 95% жеткен.
НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ - 2 қабатты 20 үйді газдандыру бойынша жұмыс істейміз
Жұрт қоғамдық көліктің жағдайын аз айтып жүрген жоқ. Олардың бағытын ұзарту, санын көбейту туралы көп естіп жүрміз. 21 бағыт бойынша, 220 қоғамдық көлік қатынайды. Оның 142-сі шағын автобустар. Әкімнің сөзінше сұранысты толық жабу үшін 226 автобус қажет екен. Биыл 78-і жаңарды. Тасымалдаушы мекеме тағы 46 жаңа автобус сатып алуды көздеп отыр.
️