Бәйдібек ауданында 700 тоннадай өнім өндіруге қауқарлы жылыжайдың жұмысы тұралап тұр

279
02.11.2022 09:08

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында 700 тоннадай өнім өндіруге қауқарлы жылыжайдың жұмысы тұралап тұр. Өйткені шет елден әкелінген қондырғылардың заңды құжаттары жоқ.  Тіпті 3 жылдан бері осы мәселенің күрмеуін шеше алмай әлек. Мәселенің мән-жайын тілші анықтап көрді.  

Соңғы жылдары таулы өңірдің диқандары жылыжаймен айналысуға қызығушылық танытуда. Бүгінгі күннің өзінде мұнда 6,5 гектар аумақта жылыжай бар. Десе де мәселесі  жоқ емес. Мәселен, «Бақыт-Ислам» шаруа қожалығының төрағасы шет елден әкелінген қондырғылардың құжатын дайындай алмай жүр. Егер аталған құжатты заңдастыра алмаса 3 гектарлық жылыжай қаңырап бос қалуы мүмкін. 

НҰРЖАН ТЫНЫШБАЕВ – «БАҚЫТ-ИСЛАМ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ - Ала алмаған жағдайда олар бермеген жағдайда банкрот боламыз. Жұмыс тоқтайды. Тоқтап жатыр уже. Ешкімнің жәрдемін көріп жатқан жоқпыз. Мұны шешетін только Қарашөкеев қана, соның қолынан келеді деп ойлаймыз. Жалғыз мен емес, тағы 4-5 жігіт бар. Олар да осылай зардап шеккендер. 

Кешенге  шетелден әкелінген барлық  қондырғының құжаттары жоқ. Яғни, жасырын жолмен кіргізілген. Жауапсыз компания тауарды жеткізіп бергенімен құжаттарын ұсына алмаған. Дәл осындай жағдайға тап болған бұл жалғыз қожалық емес. Бүгінгі күннің өзінде 4 нысан зардап шегіп отыр. 

НҰРЖАН ТЫНЫШБАЕВ – «БАҚЫТ-ИСЛАМ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ - Мұның басы жемқорлық. Түрікті алып келген бір жігіт бар. Солы әне береміз міні береміз деп, счет фактураны алдап бермей жүрді. Соттастық біз. Жұмыстың сапасыздығынан қазір мына 4 км турбасы жетіспейді. Какос әкеп беруі керек. Арзан вата әкеп берген. Бәрі сапасыз нәрседен басталған. Соттасқанбыз біз. Сот біздің пайдамызға шешті сот. Келісімді бұздық одан кейін. Бұзған соң 10 пайыз ақшамыз бар. Қаз агрода ол да бізге бермей отыр. 

Бұл мәселеден Бәйдібек ауданының әкімдігі де хабардар. Тіпті қожалықтың бүгінгі ахуалды баяндалған хат облыс басшылығына да жолданған. Бастысы қожалыққа қажетті жер телімі берілген. Тиісінше инфрақұрылымдық қажеттіліктің барлығы заң жүзінде бекітілген. 

ТҰРАР ҮРКІМБАЕВ - БӘЙДІБЕК АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - Бұл жерде біздің хабарымыз бар. Тиісті хаттарды да бергенбіз. Жолдағанбыз. Бұл облыс республика деңгейінде шешілетін мәселе. Тиісті хаттарды жолдағанбыз. Бұл жеке кәсіпкерлік нысан болғандықтан мұны мәселені сот шешеді. 

Бүгінде мұндай қиындықтарға қарамастан жылыжай  қияр мен қызанақ өсіріп отыр. Көкөністерді аудан орталығы мен Шымкент қаласына жөнелтуде. Биылдың өзінде мұнда 50 тоннадан астам қызанақ пен қияр өндірген. Аталған шаруа қожалық мәселеміз толық шешілсе, жылына 700 тонна көкөніс өсіріп, ауданды қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге күш салмақ.