Кореядағы қайғылы оқиғада көз жұмған Қазақстандық студенттің денесі ертең елге жеткізіледі. Елшілік қызметкерлері қаза тапқан отандасымыздың құжаттарын ресімдеуге қажетті көмекті көрсетіп жатыр. Бұған дейін хабарланғанымыздай, Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Хеллоуінді тойлау кезінде 154 адам қаза тапты. Мерт болғандардың 19-ы шет ел азаматы.
Қайғылы оқиға Итэвон ауданында болған. Хэллоуинді тойлау үшін 100 мыңнан аса адам ел астанасының орталығындағы Гамильтон қонақүйі маңындағы тар көшеге жиналған. Басым бөлігі 20-25 жастағы адамдар. Жұрт сығылысып, бірін-бірі таптап кетуіне не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Әлеуметтік желілерге тараған видеоларда төтеншеліктер зардап шеккен адамдарға жүрек-өкпе жаттығуларын жасап жатқанын көруге болады.
КИМ ЧЖИ ВОН – КУӘГЕР - «Бұл ковид-19 шектеулерін алып тастағаннан кейінгі ең ауқымды мерекелеу болды. Тұрғындар 2 жыл бойы бетпердесіз және әлеуметтік қашықтық сақтамайтын шараларды күткен еді. Алайда оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Біз осында атақты к-поп жұлдызы келеді дегенді естідік. Адамдар бір-бірін таптап, қысымнан жүректері тоқтап қалған. Құтқарушылар қанша көмектескенімен, олардың өмірін сақтап қала алмады».
Белгілі болғандай, мерт болғандардың көбі жастар екен. Сондай-ақ олардың арасында 19 шетел азаматы бар. Басым бөлігі Иран, Қытай және Норвегиядан келген. Араларында Сеулдегі университеттің бірінде магистратура оқып жүрген Мәдина Шерниязова да бар. Жастайынан білімге құштар болған ол Ақтөбе қаласындағы номері №27 мектепте оқыған. Ұстаздарының айтуынша, әсіресе, ағылшын тілін жетік білген. Елшілік қызметкерлері қаза тапқан отандасымыздың құжаттарын ресімдеуге қажетті көмекті көрсетіп жатыр. Марқұмның туыстары оның денесі елге ертең жеткізілетінін айтты. Ал Кореядағы өрт сөндіру бөлімінің басшысы Чой Сон Бом жараланғандардың жағдайы ауыр болғандықтан, құрбандар саны тағы да артуы мүмкін екенін айтады.
ЧОЙ СОН БОМ - СЕУЛ ДЖОНГСАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: "Қайғылы жағдайдан 233 адам зардап шеккен. Жараланғандардың 19-ы ауыр, 63-і жеңіл жараланған. Оларды ауруханаларда орын жеткіліксіз болғандықтан, Кёнги провинциясына жеткізді. Қаза тапқандар арасында 97 әйел мен 54 ер адам болған. Алайда олардың жеке басын анықтауға уақыт керек. Дегенмен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бар күш-жігерімізді салудамыз».
Қайғылы жағдайға байланысты президент елде ұлттық аза тұту күнін жариялады. Үкіметтік ғимарттар мен мемлекеттік мекемелерде ту түсірілді. Теледидардағы сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы оқиға себептерін жіті тексеруге, сондай-ақ аймақтық фестивальдердің қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
️