Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Жоғары палата өкілдері бірқатар тарихи-мәдени нысандарды аралап, оларды сақтау мен қорғау бойынша ұсыныстар айтты. Сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау және еңбекті дамыту мәселелерін талқылады. Толығырақ тілші материалында.
Сенат депутаттары қасиетті Түркістан шаһарына сапарын Арыстан баб кесенесіне зиярат етуден бастады. Халық қалаулылары баба рухына құран бағыштады. Одан әрі жоғары палата өкілдері тарихтағы талай шайқасқа куә болған ежелгі Отырар қалашығына ат басын бұрды. Депутаттар көне шаһардың қазіргі жай-күйімен танысып, тарихи нысанды дәл осы қалпында сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Комиссияның Түркістан облысына сапарының негізгі мақсаты өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау және еңбекті дамыту саласындағы өзекті мәселелермен танысып, шешу жолдары бойынша ұсыныстарды жоғары палата қарауына енгізу. Осы мақсатта жоғары палата депутаттары Өзбекәлі Жәнібеков атындағы жалпы орта лицей – интернат ұжымымен кездесіп, білім саласындағы түйткілді мәселелермен танысты.
Сенаторлар өз сапарында осы ауданның тумасы, қазақ халқының мақтанышы, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың музей үйіне де бас сұқты. Бұл жерде қазақ вальсінің королі қолданған жеке заттары қаз-қалпында сақталған. Композитордың музыкалық аспаптарын ұстап шабыттанса керек, рояльда ойнап, тіпті әуелете ән де шырқады.
Көтеріңкі көңіл-күймен өз сапарын жалғаған сенаторлар аймақтың мәслихат депуттарымен кездесті. Жиында аймақтағы бірқатар әлеуметтік мәселелер көтеріліп, оларды шешудің жолдары ұсынылды. Комиссия мүшелері айтылған мәселелерді жоғары палатаның қарауына жеткіземіз деп уәде берді.
️