«Достық дастарханы» атты фестиваль өтті

524
19.10.2022 04:59

Түркістан облысында Республика күні мерекесі қарсаңында «Достық дастарханы» фестивальі өтті. Қазығұрт ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға 10-нан астам аспаз қатысып, өзара бақ сынасып, палаудың түр-түрін дайындады. Ал төрешілер аспаздарды тағамды дайындау шеберлігі бойынша бағалады. Толығырақ Айдана Дүйсенбаева жалғастырады. 

Қазығұрт ауданында алыс жақын аудандар мен Өзбекстан республикасынан келген 10 аспаз сайысқа түсті. Олар 50 келіге жуық палау басып,көпшілікке ұсынды. Бір қызығы, жарысқа қатысушылардың жасына, ұлтына, біліміне шектеу қойылмады. Тек пісірген тағамның тіл үйіретіндігіне басты назар аударылды.  

Күріші салынып, тұздығы түгелденген палауды безендіруге кіріскен қатысушылар оған піскен жұмыртқа мен мейіз асқа көрік берсе, сарымсақ тіл үйірер дәмін кіргізді. Палаудың бірнеше түрін бағалауға бел байлаған әділқазыларға да оңайға соқпады. Олар жеңімпазды анықтау барысында тағамның дәмділігінен бөлек,тазылығына, қауіпсыздік талаптарының сақталуына мән берген.  

Сайыстың нәтижесі бойынша Қазығұрттық аспаз топ жарды. Ал, Келес және Сауран аудандарынан келген аспаздар 2-3 орындарға ие болды. Фестивалдің өзгеде қатысушылары құралақан қайтпады. Жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, палаудан дәм татқызған шеберлер бағалы сыйлықтарға ие болды.