Түркістанда рухани келісім күні спорттық шарамен жалғасты. Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен спартакиадада облыстағы мешіт, медреселердің құрамалары мен күштік құрылымдардың командалары қатысты. Тартысты спорттық бәсеке туралы тілші бейнематериалында.
Спорт – адамдарды бір-біріне жақындастыратын керемет фактор. Ал, рухани келісім күні – еліміздегі түрлі ұлттар мен конфессия өкілдерінің достығын көрсетуге арналған мейрам. Осыған орай, Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен спартакиада ұйымдастырылды.
Жарысқа, облыстық дін істері басқармасының, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының өңірлік өкілдігінің, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің теология факультеті және полиция департаменті мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің командалары қатысты. Жарыс бірнеше спорт түрінен өткізілді. Олар, шағын-футбол, арқан тартыс, кір тасын көтеру және қол күрес.
Сонымен қатар, Шымкент епархиясына қарасты православиелік бірлестік жарысқа команда жасақтай алмаса да, өкілдері қонақ болып қайтты. Олар да, бұл мейрамға аса үлкен құрметпен қарайтындарын жеткізді.
АЛЕКСАНДР МОГИЛЕВСКИЙ - ШЫМКЕНТ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ЕПАРХИЯСЫНЫҢ «ШІРКЕУ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС» ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМ БАСШЫСЫ - АУДАРМА: Бұл үлкен мейрам және оның тойланып келе жатқанына бірнеше ондаған жыл болды. Мереке Қазақстандағы ұлт пен дін өкеілдерінің татулығы мен достастығын көрсетеді. Сонымен қатар, барлығымыз үшін түсінетін бір жайт – Қазақстан біздің ортақ үйіміз. Сол ынтымағымызды көрсету мақсатында спорттық шара ұйымдастырған дін істері басқармасына да алғысымыз шексіз.
Жарыс 4 спорт түрінен өткізілгенімен шағын-футбол тартысқа толы болды. Нәтижесінде, полиция департаменті қарсылас шақ келтірмеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті күмісті еншілесе, Сарыағаш медресесінің командасы үздік үштікті қорытындылады. Ал, Жандос Исақов турнирдің үздік шабуылшысы деп танылды.
Облыстық полиция департаментінің командасы арқан тартыста да топ жарса, кір тасын көтеруден, Сарыағаш медресесінің командасы үздік атанды.
️