Сталиндік қуғын-сүргіннің бұрын белгісіз болған тағы бір фактілерінің беті ашылды. Біз білетін 1937-38-і жылдан бұрын Түркістандықтарды Ұлыбритания тыңшысы деп айыптап, өлім жазасына кесу және тура Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында молдаларды өлтіру деректері анықталды. Дін өкілдеріне қарсы жасалған белгісіз репрессия туралы толығырақ Еркелді Тілеуқұлдың репортажы.
2020 жылдың 24 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жұмыс топтары құрылды. Олар осы уақытқа дейін ақталмаған адамдардың мәселесімен айналысты. Осы мақсатта Кеңес Одағының құпия ұстап келген мұрағат құжаттары ашылды. Теолог Досай Кенжетай дін насихаттағаны үшін қудаланған адамдардың өмірін зерттеуді қолға алыпты. Мәселен, сол кезде оларға – Ұлыбританияның тыңшысы деген жалған айып тағылған екен.
Шетелдік арандатушылар мен тыңшылардың арбауына ерді деген айып қарапайым халыққа да тағылғаны жасырын емес. Мәселен, Қазақ тарихындағы ең қаралы зұлмат – ашаршылықтың алғышарты болған ұжымдастыруға қарсы көтеріліс ұйымдастырушыларына осындай айып тағылған еді. Дәл сол кез имамдарға қарсы күрестің шырқау шегі болып саналады. Сондай жан түршіктірерлік оқиға Түркістанның өзінде де болыпты.
Досай Кенжетайдың айтуынша, елімізде қалған мұрағат құжаттары толық тарихи фактілердің бетін ашу үшін жеткіліксіз. Шындықты толық білу бірнеше жылға созылатын зерттеу жұмыстарын талап етеді.
️