Түркияның қолдауымен Түркістанда радио ашылады

409
13.10.2022 05:13

Turkistan Media Holding халықаралық деңгейге шықты. Себебі Түркістан телеарнасы TÜRKSOY халықаралық ұйымының ресми ақпараттық серіктесі. Бұл туралы Медиа холдинг басшысы Жанахмет Ағыбаев Түркия сапарында мәлімдеді. Кездесу барысында, бұдан өзге бірнеше мемлекеттік мекемелермен ортақ меморандумға қол қойылды. 

Іс сапар басы Анкара қаласынан бастау алды. Холдингтің бас директоры Жанахмет Ағыбаев TÜRKSOY халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Онда ұйымымен ынтымақтастық туралы екі жақты тарихи келісімге қол қойылды. Енді ұйым тарапынан ұйымдастырылған соңғы ақпарат пен барлық шараларды Түркістан арнасынан көруге мүмкіндік бар. 

Тағы бір қуантатын жайт, алдағы уақытта шаһарымызда жаңа радио ашылады. Оған түркиялық ТРТ корпорациясы қолдау көрсетпек. Түркі ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі де (ТИКА) телеарна қызметкерлерін арнайы оқудан өткізуге келісім берді. Сапар барысында мектеп оқушыларының жайы да сөз болды. Яғни, алдағы уақытта телеарнада болатын сайыста Немад Кемаль Зейбек атындағы жүлде қоры қарастырылады. Сайыста жеңіске жеткен оқушы грант иегері атана алады. 

Сондай ақ, ақпарат аясын кеңейту мақсатында Түркістан телеарнасы мен Түркиялық ТРТ корпорациясы келіссөз жүргізді. Енді алдағы уақытта бауырлас елдің мамандары тығыз қарым-қатынаста болады. Нақтырақ айтсақ, телеарна мамандары өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар. Айта кетсек, ТРТ корпорациясы Түркиядағы ең үлкен телеарналардың бірі. Бүгінде онда 10 мыңға жуық маман қызмет етеді.