Түркістан облысында «Айбынды жастар – жаңа Қазақстанның тірегі» атты науқан жалғасуда. Қорғаныс және білім министрліктерінің бірлескен акциясы бұл жолы Созақ ауданында өткізілді. Мектеп оқушыларына Қарулы күштер туралы ақпарат беріліп, әскерге шақыртылған бозбалаларды шығарып салды.
30 жылда қазақ әскері қандай болды. Тәуелсіздік алғашқы жылдары армия қандай қиындыққа тап болды? Осы туралы қысқа фильмдер Созақ ауданының мектеп оқушыларына көрсетілді. «Айбынды жастар – жаңа Қазақстанның тірегі» шарасының мақсаты ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру. Қарулы күштердің ардагерлері мектеп оқушыларына әскери өмірдің қызығы мен шыжығы туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың айтуынша, көрші елдердегі геосаяси ахуал, атап айтсақ, Ресей – Украина арасындағы соғыс, жастардың жаңа технологияларды меңгеру керектігін аңғартады. Себебі, заманауи қарулы қақтығыс білектегі күш емес, технологияның дамуымен өлшенеді.
Мектеп оқушылары мұндай шаралар көптеп өткізіліп тұрса екен дейді. Себебі өмірін әскермен байланыстыратын жастар үшін ардагер ағаларынан кеңес алуға бұдан күшті мүмкіндік болмайды екен.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметінде отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан жас бозбалаларға естелік сыйлықтар беріп, сәттілік тіледі.
Болашақ сарбаздар да, қуаныштарында шек жоқ екенін айтты. Бүкіл аудан алдында өздерін үлгі етіп, кеңес одағы кезіндегі дәстүрге сәйкес шығарып салуы, жастарын ерік-жігерлерін арттырғандай көрінеді.
Созақ ауданындағы жастарға шақырту келер-келмес, өздері қорғаныс басқармасының есігін торуылдайды десек, артық айтқанымыз емес. Олардың ішінде, элиталы әскери құрылым қатарына барғысы келетіндер, әлбетте, көп. Бір, өкініштісі, ол жердегі орын шектеулі.
«Айбынды жастар – жаңа Қазақстанның тірегі» акциясы әлі бірнеше аудан-қалаларда жалғасын таппақ. Жақын күндері Кентау қаласы, Бәйдібек, Түлкібас аудандарында өткізу жоспарланған.
️