Күн сайын мың құбылатын азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорларынан пайда жоқ. Шығын көп. Президенттің сынан кейін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға депутаттарда шүйліге бастады. Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның айтуынша, олар өздерінің негізсіз функцияларын орындамай отыр. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырмайды. Премьер – Министрге жолдаған сауалында депутат 15 жыл ішінде аталған корпорациялар өңірлік дамудың тиімді институтына айнала алмағанын жеткізді.
Дүкен сөресіндегі азық-түлік бағасының күн сайын өзгеруі баға тек тұрақтандыру қорына арқа сүйеуге болмайтынын дәлелдеп берді. Басқасы былай тұрсын, қор қоймаларында қап-қабымен, тонналап сақталатын әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлерінің бағасы тұрақтамай тұр екен. Статистика өткен жылдың өзінде аталған санатқа жататын азық-түліктің құны 11 пайызға дейін қымбаттағанын растап отыр. Осыдан кейін-ақ тұрақтандыру қорларының тиімділігі турасында сөз қозғаудың өзі артық дейді депутаттар.
️