Жетісай ауданының тұрғындары ауыз су мен сапалы электр жарығынсыз күнелтіп отыр

329
10.10.2022 04:08

Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғындары ауыз су мен сапалы электр жарығынсыз күнелтіп отыр. Ынтымақ ауылында тұратын жұрт  осылайша өркениет игілігін көре алмай келеді. Тұрғындар ауыз суды ыдыстармен тасып ішеді. Ал жарық жел тұрса сөніп қала береді екен.  

Жетісай қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылының тұрғындары ауыз су мен электр жарығын күтуден шаршадық дейді. Өйткені елді мекеннің бір бөлігіне ауызсу жүйесі жүргізілмеген. Сондықтан жұрт тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр.

ҚАЙРАТ АТАБАЕВ - ЫНТЫМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Столбы бар мына жерде? Жоқ, демек бұл жерде свет жоқ. Бұл көшеге обшым су тартылмаған. Водопровод тартылмаған. Труба жоқ бұл жерде. Халық шамасы келгендер, ана көшеден, мына көшеден светті шамасы келсе тартып алады. Шамасы келмегенінде свет жоқ. 

Сондай-ақ елдімекен көшелеріне электр желісі әлі күнге дейін тартылмаған. Осы себепті тұрғындар қауіпсіздікті елемей, үйлерін өз бетінше жарыққа қосып алған. Сондықтан кейде электр сымдары үзіліп, ауа райы өзгерісе болды, жұрт электр қуатынсыз қалады екен. 

ЖОРАБАЙ СЕРИЕВ - ЫНТЫМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Жел болса, астапыралла, құдай сақтасын деп отырамыз. Тал құлайды, басқа құлайды. Столбаны қолдан қадап алғанбыз. Әркім өзі шамасы келгені қадап алған. Тал құласа, сынады да үзіледі. Сосын келетін электрик әлдеқандай болады.

Жергілікті атқамінерлер қала іргесіндегі ауылға қоныс аударып жатқан тұрғындар көп болғандықтан, инфрақұрылым жасап үлгере алмай жатырмыз деп ақталды. Бұрындары Ынтымақ ауылында 17 көше болса, тағы 8 көше ашылған. 

НҰРЛЫБЕК БАХТИЯРОВ - «ЖАҢА АУЫЛ» АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ - Электр желілерін жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттар бітіп, қазір экспертизада. Ол шықаннан соң құрылыс монтаждау жұмыстарына қаржы сұрайтын боламыз. Алдағы уақытта қаржы бөлінген жағдайда істелетін болады.   

Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты 4 елді-мекен ауыз су жүйелерін қайта құруды қажет етеді екен. Сондықтан республикалық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. 

БЕРІК МАМБЕТОВ - ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ - Қазіргі таңда материалдарды әкеліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр мердігер тарапынан. Сол аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін, ауых су жүйесінің құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жалпы жобасы 3,5 млрд құрайды. 400 млн теңгесі 2022 жылы бөлінді. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін «Абай» топтасқан су жүйесіне қосу жоспарымызда бар. 

Тұрғындар ауыз су, жарық пен қоса көгілдір отын тарту бойынша да әкімдіктің табылдырығын тоздырғанбыз дейді. Ал жауаптылар болса, көшелерге газ тарту мәселесі бойынша жұрттан ұсыныс түскен жоқ деп отыр.