Елордада «Ой көкпар» зияткерлік сайысы өтті

203
29.09.2022 10:59

Есеп комитетінде корпоративтік рухты нығайту, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің идеологиялық құндылықтарын ілгерілету, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында «Ой көкпар» зияткерлік сайысы өтті,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжаттарды лингвистикалық сараптау және редакциялау секторының меңгерушісі Данияр Жамбайбектің айтуынша, ведомствода мұндай шаралар жыл сайын өтеді және қызметкерлер белсене қатысады.

Ол Тіл саясаты комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген Ахмет Байтұрсынұлы туралы бейне роликтің арнайы көрсетілгенін атап өтті.

Ең алдымен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылатынын атап өткім келеді. Сондай-ақ, биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойымен орайластырып өткіздік. Ол туралы арнайы ролик көрсетіп, ерен еңбегін еске алдық. Қатысушылар алаштанушы ғалымдардың сұрақтарына жауап берді. Қандай сала маманы болмасын, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын білуі тиіс. Сол себепті оның ғылыми жолынан бөлек, қарапайым өмірде қолданған құралдары туралы да сұрақтар болды. Екіншіден, Есеп комитеті мұндай шараларды жүйелі түрде ұйымдастырады. Себебі мемлекеттік қызметшілер арасында ұлттық мерекелердің идеологиялық құндылықтарын насихаттаудың маңызы зор, – деді Данияр Жамбайбек.

Сайыста Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Айнагүл Көкенова қазылық етіп, шараның маңыздылығын ерекше бағалады.