Әлемде күйзеліске ұшырағандардың саны 28% мазасыздық 26% – ға өскен. Аталған психикалық арулардың өршуіне не себеп? Дерттің алдын алудың жолдары қандай? Осы мәселені талқылау үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Психикалық денсаулық. Заманымыздың жаңа сын-қатерлері» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір сегіз адамның бірі психикалық ауытқудың бір түрінен зардап шегеді. Сондықтан аталған дерттің алдын алудың жолдарын іздеу адамзаттың басты мақсаттарының біріне айналып отыр. Ал екі күнге жоспарланған бүгінгі халықаралық ғылыми-практикалық конференция әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандардың осы мәселеге қатысты өзара ой бөлісуіне және тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік ұсынды.
ШАХНОЗА МАГУЗУМОВА- МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ (ӨЗБЕКСТАН) - Негізгі созылмалы психикалық ауытқулар әлемнің барлық елдерінде бірдей таралған. Алайда кейбір психикалық аурулар түрі әр елдің экономикалық, саяси жағдайына тікелей байланысты. Мәселен, әлемнің соғыс жүріп жатқан аймақтарында әрбір бес адамның біреуі психикалық ауруға шалдыққан. Ал бейбіт өмір сүріп жатқан елдерде мұндай аурулар тек 14 адамның біреуінде ғана кездеседі.
Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген мамандардың айтуынша соңғы жылдары психикалық аурулардың көбеюіне Ковид дерті көп әсер еткен. Жаһанды жайлаған жұмыссыздық, аурудан қорқу, адамдардың жақындарынан айырылуы мен мәжбүрлі оқшаулану халықтың психикалық жағдайының күрт нашарлауына әкеліп соққан. Ғалымдардың айтуынша, жағымсыз психологиялық жағдайларға тап болғандардың арасында қаржы қыспағында қалғандар, жастар мен әйелдер көп. Сондай-ақ, алкоголь мен есірткіні қолданудың артуы да аталған дертті ушықтырып отыр. 21 ғасырдың басты проблемаларының бірімен күрес үшін еліміз бойынша 83 бастапқы психикалық денсаулық орталықтары ашылған.
Сарапшылар психикалық денсаулық мәселесіне баса назар аударуға шақырады. Ал дәрігерлер спортпен шұғылданып, әлеуметтік қарым-қатынасты жақсартуға кеңес береді. Айта кетсем, конференцияда психикалық денсаулық, оны сақтау және қалпына келтіру, емдеуді ұйымдастыру, тәуелділік, психологиялық көмек және басқа да мәселелер талқыланды. Сондай-ақ 2 күн ішінде пленарлық және секциялық отырыстар, мастер-класстар, спутниктік симпозиумдар өтетін болады.
️