Жатырынан айырылған ана

227
28.09.2022 07:03

Дәрігерлер жатырымнан айырды. Осылай деп арнамызға арызданған Сауран ауданының тұрғыны, ақ халатты жандарға сенуден қалдым дейді. Енді бала сүйу бақытынан айрылған жас ана, құзырлы орган өкілдеріне арыз түсірген. Алайда, жауабы қанағаттанарлық емес екен. Ана мен баланың өміріне атүсті қарайтын қандай дәрігер? Тақырыпты тілшіміз толықтырсын.

Хабиба пәленшеқызы Шаға Ынтымақ ауылының тұрғыны. Жас ана ауылдық амбулатория қызметкерлеріне өкпелі. Өйткені сөзіне сенсек дүние есігін әлі ашпаған нәрестесі дәрігер қателігінен көз жұмыпты. Ең сорақасы, өлген сәбиді аламыз деген ақ халаттылар Хабибаның жатырына да зақым келтірген екен. Ол енді ана болу бақытынан айрылғаныма сенер емеспін – дейді.

ХАБИБА АБДИЛСАМАТ – ШАҒА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Белім ауырып келген. Сөйтсем, ішімде балам шетінеп кеткен екен. Ал, жатырымнан айрылғанымды 1 айдан кейін білдім...

Шаға ауылдық амбулаториясына ем іздеп барып, есінен танған тек Хабиба ғана емес. Жыл басынан бері мұнда 4 бірдей жас ана, әлі дүние есігін ашпаған сәбилерінен айрылған. Соның бірі Марал Абдукаримова. Ол аяғы ауыр болған күннен бастап ауылдық аурухананың табалдырығын тоздырыпты. Дәрігерлер де «іштегі сәбидің денсаулығы жақсы» - деп, толғағы жеткенше алдап келіпті. Өкінішке орай ол шақалақта 2-3 күн бұрын жарық дүниені көрместен шетінеп кеткен.  

МАРАЛ АБДУКАРИМОВА – ШАҒА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Үйге кешірім сұрап келді. Адам өмірі бұларға ойыншық сияқты...

Жыл басынан бері төрт бірдей отбасыны қайғыға көмген ауруханада ауыл халқы емделуді қойған. Себебі, амбулатория дәрігерлеріне сенбейді. Ауруынан айықпақ болған халық, «қара жамылып қаламыз ба?» - деп,  қорқады. Ал, аурухананың бас дәрігері болса камерадан қашып, мән-жайды түсіндіруден жалтарды. 

Ауылдың бас дәрігерінен дұрыс жауап ала алмаған соң, аудандық ауруханаға келдік. Сөйтсек, тұрғындар айып тағып отырған қызметкер өз еркімен жұмыстан кетіпті.  

ДИНАРА БЕРДЕНОВА - БАС ДӘРІГЕРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ - Тексеріс нәтижесінде дәрігердің кейбір анализ жазбаларынан қателік табылды. Сондықтан, біз оған қатаң сөгіс бердік...

АЛТЫНБЕК ӘМИТ – ТІЛШІ  - Шаға жұртының жағасын ұстатқан жағдайды құзырлы орган өкілдері де анықап көріпті. Алайда, халық айып тағып отырған гинеколог-дәрігер адам өміріне қастандық жасайтын ешнәрсе жасамаған көрінеді. Сөйте тұра ол бүгін өз еркімен жұмыстан кеткен. Айтпақшы, Сауран ауданына қарасты 15 амбулаториялық орталық бар. Сәби өлімі бойынша Шаға ауылы көш бастап тұр.