Күйеуінен әбден зәбір көрген келіншек көмек сұрайды

231
27.09.2022 06:02

«Бұрынғы күйеуім өлтіремін деп қорқытып отыр». Осылай деп Сайрам ауданы, Әсіларық ауылының тұрғыны көмек сұрап, біздің телеарнаға хабарласты. 30 жастағы келіншек бұрынғы жұбайынан тек өзі емес, бүкіл туыс-туғандары зәбір көріп отырғанын айтуда. 

Дәл осындай қоқан-лоқы көріп, физикалық-моральдық қыспаққа түсіп жүргеніме 3 жылдан асты дейді Әйгерім Атанчаева. Айтуынша 2018 жылы тұрмысқа шыққан келіншек зайыбынан әбден зәбір көріп, 2 айдан соң ажырасып кеткен. Алайда азапты күндер бұнымен тоқтамапты.

Екеуінен туған ортақ бала бүгінде 3 жастан асқан. «Жалғыз өзім өсіріп отырған ұлымның денсаулығында кіңәрат бар, шұғыл ота жасау қажет. Алайда әкесі тарапынан алимент те төленбейді»,- деп күйінеді ана. Есесіне қайын атасы да қаһарына мініп, келініне күн бермейтінге ұқсайды. 

Өмірден баз кешкен келіншектің мұң-мұқтажын тыңдап, жан-айқайын тәртіп сақшыларына жеткізу үшін облыстық полиция департаментіне жол тарттық.

Құзырлы орган қызметкерлері аталған істі өз бақылауларына алатынын айтып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады деп сендірді.