Төлеби таулы аймақ болған соң мұнда жылыжаймен айналысуға көбінің батылы жете бермейді. Десек те күлеңкенің ішінде қызанақ өсіріп отырған Бірінші мамыр ауылының тұрғыны еңбек етсең ауа райының қолайсыздығы да кедергі еместігін дәлелдеп келеді. Кәсіп көзін тапқан жан өз қамын ғана күйіттемей ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр екен.
Бүгінде бұл шаруақожалық иелігінде 1 гектардан астам жылыжай бар. Өнеркәсіптік үлгідегі нысан 2011 жылы салынған. Шаруа өз өнімдерін өндіруден өзге, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда 15 адам еңбек етуде. Орташа айлық жалақылары 105 мың теңгені құрайды. Жыл он екі ай тіршілік етіп жүргендердің бірі көпбалалы ана – Лаура Халметова.
ЛАУРА ХАЛМЕТОВА - ЖҰМЫСШЫ - Біз осы жерде жұмыс істейміз. Бригадамыз бар. Қиярларға қараймыз, өсіреміз, арам шөптерін жұламыз, суарамыз. Жұмыс жақсы шағымымыз жоқ, айлығымыз жақсы күніге 4 мың теңге төлейді.
Жылыжайда жылына 2 өнім алу қалыпты жағдай. Мұнда қызанақ пен қияр өнімі өсіріледі. Ол үшін тамшылатып суару әдісін қолданады. Осы жылы қожалық әр гектардан 1 жарым тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.
ӨКТЕМБЕК НИЯЗҚҰЛОВ - ШАРУА - Жылыжайымыздың көлемі 1 гектар 70 соттық. Қияр егіп жатырмыз. Екінші өніміміз мына қияр. Кеше августтың 10-дарына еккенбіз. Бойы да өсіп баратыр. 3-4 күн бір аптаның ішінде өнімге кіреді. Өнімдерімізді қаладағы базарларға өзіміздің клиенттерге беріп жатырмыз. Суды капелныймен береміз. Дәрі, суды бәрін сонымен береміз.
Бүгінде Төлеби ауданында 65 мың гектар егістік жер бар. Биыл оның 22 мың гектарына астық, қалғанына майлы дақылдар мен көкөніс, бақша дақылдары егіліпті. Айта кетерлігі, төлебиік диқандар бір алқаптан екі өнім алу жобасын сәтті жүзеге асыруда. Биылдың өзінде бұл әдіспен 180 ірілі-ұсақты шаруа қожалық өнім жинаған.
ТӨЛЕГЕН ТЕЛҒАРАЕВ - ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ - Бір алқаптан екі өнім жинау тапсырмасы өз деңгейінде орындалып келеді. Биылғы жылғы межеге сәйкес 100 гектарға көлемінде 180 жоба іске асырылды. Майда ұсақ шаруашылықтардан. Бірінші айналымнан 5 мың тоннаға жуық өнім алынды. Екінші өнім енді жиналып жатыр. Межеден толық шығатын боламыз.
Ауданда былтыр қуаңшылық болған. Десе де, оған қарамастан 180 мың тонна мал азығы жиналыпты. Өңірде қазіргі таңда жиым-терім жұмыстары аяқталуға жақын. Шаруалар алқаптарды жыртып, күзгі жауын - шашынға дейін бидай дәнін сеуіп үлгермек.
️