Экономикалық тергеп тексеру департаменті қант бағасын тұрақтандыру комиссиясын құрды

290
23.09.2022 05:05

Елде азық-түлік бағасы бір жылда 20 пайызға жуық өсті. Ал жекелеген тауарлар 50 пайызға қымбаттаған. Әсіресе қанттың бағасы биыл тым шарықтап кетті. Қазақстанның әр өңірінде қанттың бағасы әртүрлі. Солтүстіктегі базарларда 550-600 теңгеге дейін барса, батыс аймақтарда шекердің бір келісі 600теңгеге жетеді. Ал Түркістанда қанттың бағасы 520 теңгені ұстап тұр.  Бұл жөнінде Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ғимаратында өткен жиын кезектен тыс отырыс барысында айтылды. Қанттың бағасы ғана емес, әлеуметтік маңызы бар барлық тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды. Басқосу барысында арнайы шұғыл әрекет ету тобы құрылды. Олар аптасына бір мезгіл рейдтік шара ұйымдастырып, қолдан бағаны өсіретін монополистер, жасанды тапшылық жасайтын алып-сатарларды анықтайды. Заң бұзғандарға қарсы шара қолданатын болады.

Естеріңізге сала кетейік Ресей қант экспортына тыйым салған 5 айдан бері елімізде құмшекердің бағасы екі есеге шарықтап кеткен. Қазір Қазақстанның әр өңірінде қанттың бағасы әртүрлі. Түркістандағы шекер құны да көңіл көншітпейді.