Антикор мен қоғамдық кеңес мүшелері облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысына шүйлікті. Себебі, облыстағы үш аудандағы сала бөлім басшылары сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша істі болып, тергеу жүргізіліп жатыр екен.
Білім саласындағы жемқорлық азаймай тұр. Бұған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де қоғамдық кеңес мүшелері де адами әлеуетті даму басқармасын қатаң сынға алды. Облыстық бюджеттің 36 пайызы білім саласының дамуына бөлінеді екен. Алайда, кейбір мектеп директорлары мен бөлім басшылары балаға білім беруден гөрі өз қалтасының қамын ойлайтындай. Сөзіміз құрғақ болмасын. антикордың дәлелін жеткізейік.
ЕРЖАН ЖҮНІСОВ - ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ ПРЕВЕНЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ - Өкінішке орай, білім саласы сыбайлас жемқұорлық қылмыстары бойынша аймағымызда бірінші орында тұр. 8 айда 21 қылмыс тіркелген. Парақорлықпен аудандық бөлімнің 3 басшысы мен 3 мектеп директоры әшкереленді. Білім саласында түрлі сылтауларды алға тартып, лицензия беру, Алтын белгі, олимпиададан жүлделі орын беру, аттестациядан өткізу, сағат беру секілді мәселелерді шешу үшін мұғалімдерден қаржы жинаумен қатар, кадр мәселесін шешу, мемлекеттік емтихан қабылдау, сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыны талан-таражға салу, мемлекеттік сатып алу барысында жемқорлық фактілері жиі орын алады.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы проблеманың бар екендігімен келісті. Тіпті, бір ауылдағы мектеп директорының штатқа 27 дене шынықтыру мұғалімін қабылдағанын айтты. Дегенмен, білім саласына бөлінген 458 млрд қаражаттың 92 пайызы жалақыға жұмсалады екен. Бірақ, басқарма басшысы, жемқор директор бар екенін білсе, оның үстінен алдымен өзі шағым тастайтынын айтты.
ДІНИСЛАМ БОЛАТХАНҰЛЫ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ - Өте көп әңгіме бар. 2 млн, басқа да, жұмысқа қабылдау, тағайындау мәселелері. Біәрақ, енді фактілер болатын болса, мен өзім жеке сол директордың үстінен арыз жазып, тиісті органдарға өткізуге дайынмын. Ондай директорлар отырмау керек. Жұмыс істемеу керек.
Ал, қоғамдық кеңеске қатысып, есеп берген полиция департаменті басшысының орынбасарын кеңес мүшелері сұрақ астына алды. Олар, Ресейдегі шектеулі мобилизациядан қашқан азаматтың қаншасы Түркістан облысына келгенін немесе келейін деп жатқанын білгісі келді.
БАҒЛАНБЕК АЙТБАЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ - Сіз айтқан мәселе бойынша бәрін қарап, мәлімет беремін. Қазір айтуға дайын емеспін цифраны. Отдельно сізге кейін айтайын.
Жиында қоғамдық кеңес полиция департаменті мен адами әлеуетті дамыту басқармасына арнаған ұсыныс-кеңестерін берді. Олардың әрқайсына бірнеше талап-тілек жазылған.
️