Ұлттық киноны қолдау орталығы Назарбаев туралы фильм түсіруге Елбасы қорының тапсырыс бергенін растады

314
22.09.2022 11:45

Нұрсұлтан Назарбаев жайлы деректі фильм түсіру туралы тапсырысты "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қоры" берген. Мемлекеттік киноны қолдау орталығы Назарбаев туралы фильм түсіру жобасына қатысқанын растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұған дейін америкалық режиссер, продюсер Оливер Стоун түсірген фильмге 7 млн доллар қаржы төленгені жайлы жазылған еді. Қазір ұлттық киноны қолдау орталығы "Оливер Стоуннің деректі фильмі – Қазақстан" атауымен жобаны өндіруді, таныстыруды және таратуды ұйымдастыру бойынша операторлық қызметтерді көрсету туралы Қормен іс жүзінде шарт жасасқанын растады. Келісімнің жалпы сомасы 2,7 млрд теңгені құраған.

Ұлттық киноны қолдау орталығы "Власть" сайтына жіберген жауабында "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қорымен" 2019 жылдың 5 желтоқсанында келісім жасасқанын жазған.

"Келісім-шартқа сәйкес, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ҰАҚ алдын ала төлем ретінде 1 937 400 теңге алған. Аталған сома "Глобал 3 Пикчерз Инкорпорейтед" компаниясына төленген. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы осы компаниямен "Оливер Стоунның деректі фильмі – Қазақстан" атты уақытша атауы бар фильмді түсіру бойынша келісім жасасқан", - делінген ұлттық орталықтың мәлімдемесінде.

Нәтижесінде Оливер Стоунның фильмі 2021 жылы "Qazaq: Алтын адам хикаясы" деген атаумен жарыққа шығып, премьерасы Тұңғыш президент күнінде мемлекеттік телеарналарда көрсетілген.