Эфирде: 08:06 Travel Turkistan: Керуен сарай кешені
Ары қарай: 08:06 Travel Turkistan: Керуен сарай кешені

Дәріханаларда неге дәрі жоқ?

22
22.09.2022 12:54

Халық дәріханалардағы өмірлік маңызы бар дәрілерді тапшылығына байланысты ала алмай отыр. Тиімді дәрі-дәрмек қазақстандық нарыққа түспейді, көптеген дәрі жасайтын кәсіпорындар кетіп жатыр. Сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалында қазақстандықтардың осындай проблемалары туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бағаны реттеудегі қазіргі тетіктердің салдарынан бөлшек саудадағы әлеуметтік маңызы бар қолжетімді бағадағы дәрілердің түрі қысқарып, кейбір генерик түрлерінің бағасы тіпті түпнұсқадан да жоғары екенін атап өтті. Емдеуге арналған дәрі-дәрмек пен ісікке қарсы, эндокринологиялық, эпилепсияға қарсы препараттардың, сондай-ақ өмірлік маңызды және басқа топтағы дәрі-дәрмектерін болмауы сенатордың ерекше алаңдаушылығын туғызып отыр. Бұл тиімділіктің төмендеуіне және емдеу барысындағы үзілістерге, сондай-ақ рецидивтерге әкеледі.

Жалпы, бұл мәселе мемлекеттің ерекше назар аударуын қажет етеді. Өмірлік маңызы бар препараттардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін отандық өндірушілердің ел ішінде, оның ішінде субсидиялау тетіктері арқылы олардың өндірісін жолға қою мәселесін шешу қажет. Бұл тұрғыда өмірлік маңызды дәрі-дәрмектердің тізімі анықталуы тиіс. Мұндай тізімдер бүгінде әлемнің 137 елінде қалыптасуда, басымдылықты анықтау, сондай-ақ осы препараттарға неғұрлым тиімді баға белгілеу үшін маңызы аса зор, - деді Ақмарал Әлназарова.

Депутаттың пікірінше, сапалы препараттарға қолжетімділіктің төмендігі және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудың себебі өмірлік маңызы бар дәрілік заттар тізімінің болмауы және дәрілік заттарға баға белгілеу тетігінің ашық болмауы болып табылады. 

Ақмарал Әлназарова осыған байланысты аталған проблемалық мәселелерді шешу жөнінде тиісті шаралар қабылдауды сұрады.