Эфирде: 06:53 Travel Turkistan: Керуен сарай кешені
Ары қарай: 06:53 Travel Turkistan: Керуен сарай кешені

Түркістанда жылына мың қазандық шығаратын кәсіпорын ашылды

27
22.09.2022 12:38

Түркістан облысында жылу қазандығын жасап шығаратын небары үш компания бар. Жуырда Сайрам ауданында тағы бір осындай жаңадан өндіріс орны ашылды, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ. 

Жалпы, оңтүстік өңірі жылу қазандықтарының қазірге дейін 60 пайызын Қытайдан, 15 пайызын Ресей, Корея елдерінен әкеліп жүр. Ал аймақтағы үш өндіріс орны барлық қажеттілікті толықтай жаба алмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, Сайрам ауданы Ақсукент елді мекеніндегі Арт сапа құрылыс ЖШС қуаттылығы 100 000 ш/м болатын жылу қазандықтарын жасауды қолға алып отыр.

Аталған кәсіпорын мұның алдын металлдан түрлі бұйымдар жасап шығарумен айналысқан. Тек 2008 жылдан бастап жылу қазандықтарын шығара бастады.

Бастапқыда кәсіпорынды аяқтан тұрғызуда қаражат жағынан қиындықтар болды. Мамандар тапшы болғандықтан Германиядан білікті мамандар алдырдық. Неміс технологиясымен жабдықталған қазандықтарымыз газбен де, көмірмен де, дизельмен де жұмыс істейді. Біздің өнімдер тек жылуды ғана емес, сонымен қатар жылы су мен буды да береді. Бу қазандықтарына мұнай өндіретін компаниялар да қызығушылық танытып отыр, - деді мекеме директоры Нұрлан Нұрышев. 

Өңірлерді дамыту, аймақта қуатты жобаларды іске асыру бойынша облыста қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ретте кәсіпорын қазіргі таңда 65 адамды жұмыспен қамтыған. Жылу қазандықтары он қабатты үйлерге арналып жасалған. Мекеме директорының айтуынша, келер жылы көпқабатты үйлерге жылу қазандықтарын қоса беруіне болады.