«Біз - халықтың жағындамыз». Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды бүгін мақта өңдеу зауыттары басшыларымен, халықаралық мақта саудагерлерімен басқосуда осылай деді. Апта басында ғана өңір диқандарымен кездескен болатын. Онда көтерілген мәселелердің орынды екенін айтып, халықпен бірге екенін жеткізді.
Сол жолғы шаруалармен кездесуде жиылғандар маңдай тер, ақ адал еңбекпен өсірілген ақ алтынның биылғы бағасы тым арзан екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, кездесуде мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, секілді жайттарды шаруалар жасырмай жайып салған еді. Олардың сөзінше, зертханалар мақта сапасын қасақана түсіреді. Облыс басшысы халықтың уәжімен келісетінін айтты. Ол мұндай жағдайларға жол бермеу керектігін тілге тиек етті. Сөйтіп,ірі зауыт иелерін келешекте мақтаны тазалаумен ғана шектелмей, оны қайта өңдеумен айналысуға шақырды.
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Сіздерді түсінеміз. бір мәмлеге келу керекпіз. Дегенмен, халықтың жағдайын ойласаңыздар. Тігін фабрикалары ашылса, көп мәселе шешіледі. Шаруаларға да тиімді, ішкі нарық артады. Жұмыс орындары да ашылады. Осы істі қолға алсаңыздар, біз қолдауға дайынбыз».
Өңірде 21 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеті бар. Бүгінде мақта өндіруші компаниялар тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен жұмыс істейді. Ал, трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісім шарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады Жиынға келген мақта зауыттарының басшылары дәл қазіргі кезде сұраныстың жоқтығын алға тартты. Баға - мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ашық әңгіме барысында мақта шарушылығы саласындағы өзекті мәселелерді айтып, ұсынысын білдірді. Зауыт басшыларына бірқатар талап қойды.Қызу талқыға түскен жиында,қос тарап ортақ келісімге келді.Шитті мақтаның бір тоннасына бүгіннен бастап шаруаларға 250 мың теңгеден аванс берілетін болды. Ал,соңғы баға биржаға байланысты.
Жалпы биыл облыста 125 мың га астам алқапқа мақта егілген. Бүгінге дейін облыста 16 мың тонна мақта жиналды. Жиын-терім жұмыстары жалғасуда. Жалпы бұл салада 25 мыңнан астам агроқұрылымдар еңбек етеді.
️