Жасөспірімді әскерге көшеде жүрген және дипломдық жұмыс қорғап жатқан жерінен алып кетпеу керек. Ал, науқанды заңды әрі ашық түрде жүргізу керек. Осыған байланысты Қорғаныс Министрлігінде ауқымды реформалар жүргізілуде. Бұл жастар арасында Отан алдындағы борышын өтеу мәртебесін арттырып, сарбазға өзге де тиімді жеңілдіктер жасау арқылы жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта Қорғаныс Министрлігінің делегациясы жұмыс сапарымен Түркістанға келіп, саладағы жаңалықтарымен бөлісті.
Енді көшеде достарымен қыдырып келе жатқан немесе, кафеде демалып отырған жастардың қол аяғын бұрап, ата-анасын сорлатуды тоқтату керек. Олардың әскерге барудан қашу тенденциясымен басқалай күрескен жөн. Бұл Түркістанға келген Қорғаныс Министрлігі делегациясының сөзі. Ведомства өкілдері өңірдегі Қорғаныс Істері департаменті мен оған қарасты басқарма қызметкерлерімен жиналыс өткізілді. Көктемгі әскерге шақырылым талқыланып, күзгі шақырылым жоспарланған жиында жастарды әскерге тартудың өзге жолдарын табу тапсырылды. Осы ретте, былтырғы күзгі шақырылым мен көктемгі шақырылымдағы елді дүрліктірген жағдайлар бойынша саралау жүргізіп, қайталанбауы керек деген пікір айтылды.
БАҒЛАН ТЕЛЕУ - ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫНЫҢ ӘСКЕРИ ПРОКУРОРЫ - Әрине, бұл мәселелер бойынша сұрақтар бар. Жиналыстың өзі осы мәселелерді қою, осы мәселелерді шешу. Осы әскерге шақыру бойынша, Бас Прокурордың бастамасымен біздің тарапымыздан тексеру жүріп жатыр. Оның қорытындысы алқа мәжілісінде қаралады.
Жиында жақын арада Қорғаныс Министрлігі көтерген бастама туралы да сөз болды. Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар Ұлттық бірыңғай Тест тапсырмай-ақ, Жоғары Оқу Орындарына түсу туралы жоба дайындалып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы да ведомство өкілдері түсінік берді.
РУСЛАН АКБАРОВ - ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ БАС ШТАБЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ-ЖҰМЫЛДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - АУДАРМА: Жастарға әскери қызметке деген қызығушылықты арттыру үшін көптеген шараларды қолға аламыз. Оның ішінде ҰБТ-сыз оқуға түсу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Алайда, нақты қанша адам тегін білім алатыны әлі де саралануда. Үздік сарбаздардың әскери оқу орындарына түсу мүмкіндігі бойынша айтарым. Офицерлік құрамды толықтыру өте маңызды. Сондықтан, осындай жеңілдіктерді де қарастарамыз.
Жиында, сондай-ақ, Президент жолдауы да талқыға түсті. Әсіресе, ондағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы тармаққа делегация көп тоқталды. Ал, әскерге шақырылушы болашақ сарбаздың құқығы қорғалуы үшін қорғаныс істері басқармалары ата-аналармен тығыз байланыста болсын деген тапсырма да берілді.
️