Ескі Иқан ауылындағы Жүсіп әулиенің кесенесі қайта жаңғырды. Нысан аумағы абаттандырылып келушілер үшін жағдай жасалған. Ескірген ғимаратты жөндеуге жеке кәсіпкерлер қолдау көрсеткен. Кесененің ресми ашылуы алдағы сенбіге жоспарланған.
Яссауидың жиені әрі шәкірті болған Ғашық Жүсіптің өмір жолын дәріптеу мақсатында әулиеге арнап салынған кесенені қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Киелі жерді туристік мақсатта пайдалану көзделіп отыр. Бұған бастамашы болған Мұрат Әуезов.
Тарихи деректерде Ғашық Жүсіп Яссауиды Иқанға келгенде 12 түрлі жүзім түрімен күтіп алған деп жазылған. Идея авторының айтуынша әулиеннің тарихи бейнесі әлі толық зерттелмеген. Сондықтан да алдағы уақытта тарихшылармен бірге Түркия мен Мысыр елдеріне экспедиция ұйымдастырылмақ.
Кесене маңындағы мұражайда әулиенің қолданған дүниелері қойылған. Кешеннің салтанатты түрде ашылуы осы сенбіде өтеді.
️