ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында "Әл-Бахр" сарайында БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Премьер-министр биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырғанын атап өтті.
Премьер-министр соңғы жылдары түрлі салалардағы бірлескен жобалар санының өсуі байқалып отырғанын айтты.
"Инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар. Үкімет инвесторларға олардың бастамаларын іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Жақын арада біз жаңа бірлескен жобаларды іске қосамыз деп үміттенемін", - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар премьер-министр БАӘ Президентіне Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллион доллар көлемінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерін ерекше достық қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
️