Түркістан облысының әкімі Д. Сатыбалды шаруалармен кездесті

189
21.09.2022 04:27

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы 50-ден аса шаруамен кездесті.   Басқосуда нәсібін жер анадан тапқан  диқандар  ағын су жетіспеушілігінен туындайтын проблемалар, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау мен несиелендіру жайын қозғады. Нәтижесінде өңірде  шаруалардың мәселелерін шешуге атсалысатын арнайы қауымдастық құрылатын болды. Толығырақ келесі бейне материалда. 

Әкіммен кездесуге шаруалар әр ауданнан келген. Олар орайы келгенде әкімге көкейде жүрген мәселесін айтып, жауап алуға тырысты. Көбі жер мәселесі мен тыңайтқышты уақытылы жеткізуді өтінді. Мәселен Шардара ауданынан келген шаруаның өзі аудандық мәслихаттың депутаты екен. Жиында аудан шаруаларының жай-айқайын жеткізіп, 3 мәселені көтерді. Соның бірі ағын суға қатысты. 

50-ден астам шаруаны тыңдаған аймақ басшысы әкімдік тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған іс-шаралар кезең кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Сондай-ақ, ветеринария өте ауқымды саланың бірі. Сондықтан оны реформалап,  дербес басқарма ретінде дамытуды ұсынды. Кездесуде облыс басшысы  шаруалардың шырылына  құлақ түріп, арыз-шағымдарын  тыңдады. Енді  өңірде  шаруалардың мәселелерін шешуге атсалысатын арнайы қауымдастық құрылады. Сондай-ақ, диқандар  жер дауларына қатысты комиссия  тізіміне  енетін болды.

Жалпы, шаруаларды алаңдатқан мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмады. Әрқайсының талабын мұқият тыңдаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды әр мәселеге жіті назар аударатынын жеткізді. Көтерілген  мәселелер заң аясында шешілетінін айтып, жауаптыларға  маңызды міндеттер жүктеді.