Халықтық IPO жобасының жай жапсары

296
21.09.2022 03:56

Қазіргі заманда қосымша табыс ешкімге артықтық етпейтіні анық. Бірақ сол қосымша табысты көпшілік қайдан және қалай табарын білмей дал. Қоғамдағы қаптаған пирамидаларға алданып жатқандары да жоқ емес. Дегенмен, еліміздегі алпауыт компания акцияларын сатып алып та табыс табуға болатынын біреу білсе, біреу білмейді. Бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат  қоры бастаған бірнеше ірі компания қызметкерлері Түркістандық тұрғындармен кездесті. Жиын барысында сала мамандары жұртшылықты IPO бағдарламасына қатысу мүмкіндіктерімен таныстырып, оны қалай сатып алу керектігі жөнінде ақпарат берді.

Халықтық IPO жайлы көп естиміз. Алайда байыбына жетіп көбіміз түсіне бермейтініміз анық. Онда ұғындыра кетейік, ІРО акционерлік компания акцияларының баршаға ашық түрде  сатылуы. Яғни Қазақстандағы Қазмұнайгаз, Қазтрансгаз, Қазақстан темір жолы сынды көптеген  алпауыт компаниялардың сіз де акционері бола аласыз. Осы арқылы табыс табуға да мүмкіндік бар. Акция сатып алудың жолы мен жөнін белместік алаяқтардың құрығына ілінуге жол ашады. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында Самұрық Қазына әл ауқат қорының ұйымдастыруымен Түркістанда жиын өтті. Оған  брокерлік-дилерлік ұйымдар мен AIX және KASE қор биржаларының өкілдері қатысты. 

ДАМИР МАМЫТОВ – «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ АКТИВТЕРДІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ: «Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған ағымдағы жоспарына сәйкес, Қор тобының 30 компаниясы әртүрлі тәсілдермен бәсекелес ортаға берілуге тиіс. Компаниялардың IPO-ға шыққаннан кейінгі өмірі түбегейлі өзгеретінін атап өткім келеді, өйткені компания листингтің жоғары талаптарына сәйкес келуі, өзінің барлық ішкі және сыртқы процестерін үздік халықаралық практикаларға сәйкес жүзеге асыруы, корпоративтік басқару деңгейін жетілдіруі, инвесторлармен белсенді өзара іс-қимыл жасауы, өзінің барлық қызметін ашық әрі жария жүргізуі, бірінші кезекте, өзінің бүкіл акционерлері үшін пайданы барынша арттыруға ұмтылу тиіс

Табыс тапқысы келетіндерге таптырмас мүмкіндік. Осы жылдың төртінші тоқсанында Қазмұнайгаз акциялары сатылымға шығарылмақ. Әзірге акция бағасы қанша болатыны белгісіз. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ тағы 7 ірі активі ішінара бәсекелі ортаға шығарылады, олардың 6-ы IPO арқылы болмақ. Дегенмен кездесуге келген 200-ден астам қатысушының акция сатып алуға деген құлшынысы жоғары екені байқалады.  

РОЗА КИКІМБАЕВА - ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ - Негізі бүгінгі шара пайдалы болды. бір рет акция алып, табысқа айналдыруға болады екен. негізі қаржылық сауаттылық жоқ қой бізде. мен өзім бүгін көп нәрсе түсініп, қаржылық сауаттылығымды арттырдым.

Айта кетейік, мобильді топ дәл осылай 16-30 қыркүйек аралығында еліміздің 60-тан астам қаласында халықпен, компания қызметкерлерімен және өндірістік нысан жұмысшыларымен ақпараттық-түсіндіру жүргізуді жоспарлаған.