Түркістан облысы жойқын жер сілкінісіне қаншалықты дайын? Төтенше жағдай бола қалса, іздестіру-құтқару жұмыстары қалай жүргізіледі? Бетін аулақ қылсын дейміз әрине, десек те апаттың айтып келмейтіні анық. Қам-қарекет жасаған абзал. Осыны ескерген төтеншеліктер Ордабасы ауданында дәстүрлі оқу-жаттығу жиынын өткізді. Шарада техника мен мамандардың дайындығы тексерілді. Толығырақ Айдос Игіліковтің бейнематериалында.
Дабылдың дүрбелең салуы бекер емес. Өйткені өңірде жер сілкінісі байқалған. Дүмпуді сезісімен Ордабасы ауданының қақ ортасында орналасқан әкімдік қызметкерлері сыртқа шығуға асығып, қауіпсіз жерге бой тасалады. Арнайы құтқару, өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметкерлері де осы маңда жүйелі қызмет көрсетуде.
Жер сілкінісі сіздерге сезіле қойған жоқ. Өйткені бұл жай ғана Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің дәстүрлі оқу жаттығу жиыны болатын. Осы арқылы мамандар қандай да бір оқыс оқиға кезінде әрекет етуге машықтанады. Айта кетейік соңғы 3 жылда осы сынды оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілмеген еді. Сала мамандарының тыңғылықты дайындығын Түркістан Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы бақылап, әлі де қажетті құралдардың тапшылығы бар екенін жасырмады.
Сондай-ақ Ордабасы ауданындағы жеке меншік мекемелерде төтенше жағдайлардың алдын-алу, оның салдарымен күрес жұмыстары да аса маңызды. Жоғары қабатынан түтін шыққан ғимараттағы өртті сөндіру үшін қала әкімдігінің 140 адамнан құрылған, 50 техникалық шұғыл ден қою құтқару жасағы қызмет атқарады. Үш күндік оқу-жаттығу аясында жасақ жұмысы да назардан тыс қалмады. Оның құрамында инженерлік байланыс, жедел жәрдем, өрт сөндіру және жылжымалы тамақтану бекеттері қамтылған.
Осылайша қызметкерлер кешенді оқу-жаттығу барысында кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Қос қабатты ғимаратты өртті лезде өшіріп, жылдам қимылдайтындықтарын танытты. Түркістан облысында 18-ші қыркүйекке дейін жалғасатын шара қазан айынан бастап Қазақстанның өзге де аймақтарында қолға алынбақ.
️