Оңтүстік өңірінде алғаш рет вагон доңғалақтарын күрделі жөндейтін шеберхана ашылды. Бұл теміржолшылар қаласы Арыста орналасқан. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның Қазақстандағы теміржол саласында алар орны ерекше. Ал, бұл шеберхана доңғалақ жұптарын күрделі жөндеуге арналған өндірістік стратегиялық нысан болмақ. Салтанатты шара аясында кәсіпорын лентасы қиылды. Жиылғандарға шеберхананың жұмыс істеу процесі көрсетілді.
Мұнда доңғалақ жұптары ағымдағы, орташа және күрделі жөндеуден өтеді. Демек, вагон паркі иелері доңғалақ жұптары мен вагондарды жөндеуге бұрыңғыдай уақыт жоғалтпайды. Әрі қосымша шығындалмайды.
Бұған дейін мұнда 270 адам жұмыс істеп келген. Енді осы арқылы тағы 25 адам жұмысқа орналасады. «Аstana Railways Services» ЖШС-нің бас директоры Бауыржан Мұсағитовтың пікірінше, Алматы мен Қызылорда облысының аралығын қамтитын теміржол шаруашылығында мұндай деңгейде қызмет көрсететін бірде бір кәсіпорын жоқ.
Жиылғандар вагон жөндеу депосының тыныс-тіршілігін көпшілікке таныстырды. 600 шаршы метр аумақта орналасқан шеберханада үлкенді-кішілі 7 станок жұмыс істейді.
️